Қаза оразасы бар адамның "Ашура" күні нәпіл ораза ұстауына бола ма?
Қаза оразасы бар адамның "Ашура" күні нәпіл ораза ұстауына бола ма?
8 ай бұрын 2673

Рамазаннан қалған қарызы бар адамға «Ашура» күні нәпіл ораза ұстауға бола ма? Әлде, қазаны өтеу керек пе? Мәкруһ болады дейтіндер бар екен.

Құрметті сауал жолдаушы, Рамазан оразасынан қалған қаза оразалары бар адамдардың «Ашура» күні немесе басқа да айтулы күндері нәпіл ораза ұстаулары мәкруһ емес. Себебі, қаза оразаны басқа да күндері өтеуге болады. Сондықтан да, Ханафи мәзхабы ғалымдары «қаза оразасы бар адамға нәпіл ораза ұстауға рұқсат» деген тоқтамға келген. Мұнда Ханафи ғалымдары арасында талас жоқ. Бұл жайында Ханафи мәзхабының белді ғұламасы Имам Кәсәни:

ولهذا قال أصحابنا: إنه لا يكره لمن عليه قضاء رمضان أن يتطوع،

«Осы себепті (яғни, қаза оразаны өтеу уақыты шектеусіз болғаны себепті) жолдастарымыз (яғни, Ханафи ғалымдары): «Рамазаннан қалған қазасы бар адамның нәпіл ораза ұстауы мәкруһ емес», - деген»

- дейді ғұлама[1].

«Мәкруһ» дейтіндер – Шәфиғи мәзхабы ғалымдары мен Мәлики мәзхабы ғалымдары (рахимаһумуллаһ). Біздің мәзхабта мәкруһ емес.

Қорыта айтқанда, Ханафи мәзхабы бойынша қаза оразасы бар адамның "Ашура" күні нәпіл ораза ұстауына болады. Оның еш ағаттығы жоқ.

Ашура күнгі ораза

Еске сала кетсек: Ашура күні – биылғы жылы (2020 жыл) тамыздың 29-на сай келеді. Ашура күні нәпіл ораза ұстаудың сауабы мол. Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) Ашура күні ораза ұстаған адамның өткен жылғы күнәларының кешірілетіндігін айтқан. Хадистің бірінде былай делінеді:

" وَصِيَامُ يَوْمِ عَاشُورَاءَ أَحْتَسِبُ عَلَى اللَّهِ أَنْ يُكَفِّرَ السَّنَةَ الَّتِي قَبْلَهُ " رواه مسلم

«Ашура күнгі оразаның өткен жылғы күнәларға кәффәрат боларына (кешірілетіндігін) Алладан үміт етемін»[2].


[1] Имам Кәсәни: «Бәдәиъус Санаиъ» - 2/ 631 бет.
[2] Имам Мүслім: "Сахих Мүслім" - №1662 хадис.

Абдусамат Қасым