Әйел адам өз табысын күйеуінің рұқсатынсыз жұмсай ала ма?
Әйел адам өз табысын күйеуінің рұқсатынсыз жұмсай ала ма?
3 жыл бұрын 6165

Сәлеметсіз бе! Әйел өз ақшасын күйеуінен сұрамай жұмсай берсе болады деп едіңіз. Соған сұрайын дегенім, жұмыс істеймін және куйеуім маған келіп көмектесіп тұрады. Сол кезде де мен күйеуімнен сұрамай айлығымды жұмсай берем бе? Әлде оның ақысы бар ма, қандай да бір деңгейде? А.

Сәлеметсіз бе!

Ислам ғалымдары арасында әйел кісінің жеке дүниесінде күйеуінің белгілі дәрежеде билігі бар дейтіндер болған, әсіресе, садақа беру және біреуге ақша беру мәселесінде күйеуі белгілі мөлшерге дейін тыйым жасауына құқылы дейді олар. Сондай-ақ, кейбір риуаяттарға қарай отырып, әйелі тек күйеуінің рұқсатымен ғана садақа беріп, күйеуінің рұқсатымен ғана біреуге ақшасын бере алады деп тұжырым білдірген ғалымдар да болған. Алайда, Ислам ғұламаларының басым көпшілігі, соның ішінде Ханафи ғалымдары да бар "ақыл-есі дұрыс, оңды-солын білетін әйел кісінің өз дүниесіне – өзі би, өзі қожа" дейді. Өз дүниесін неге жұмсаймын десе де, кімге беремін десе де өзі біледі. Ол үшін ерінің рұқсаты қажет емес. Тақырыпқа байланысты білдірілген тұжырымдамалардың арасында осы көпшілік ғалымдардың тоқтамы ең дұрысы деп танылған. Бұған байланысты деректерде Имам Нәуәуидің (р.а.) мына сөзі келтіріледі:

«Әйел кісінің өз дүниесін жұмсауына болады, ол үшін күйеуінің рұқсаты шарт емес, мейлі дүниесінің үште бірін болсын, мейлі одан көбін жұмсасын бәрібір. Бұл – біздің ұстанымымыз және көпшіліктің ұстанымы (мәзхабы)»[1] - дейді ғұлама.

(Әрине, кей мәселелерде күйеуімен ақылдасқаны ұнамды саналған. Әсіресе, алаяқтар көп кездесетін біздің заманда, сан соғып қалмас үшін кейбір бизнес жобаларға ақшасын салардан бұрын, білетіндермен, соның ішінде күйеуімен ақылдаса қадам жасағаны артық болмайды).

Ендеше, өзіңіздің тапқан табысыңызды еріңіздің рұқсатынсыз жұмсай бересіз. Оған еріңізден рұқсат сұрау шарт емес. Сондай-ақ, әйелінің жеке табысында күйеуінің ақысы жоқ. Айлайда, әйелі өз еркімен күйеуіне табысынан беріп жатса, ол басқа. Мәселен, біздің қоғамда ерлі-зайыптылар тапқан табыстарын отбасы игілігіне ортақ пайдалану әдеті бар, ол да қате емес. Мысалы, күйеуінің айлығы жетпей жатса, әйелі отбасының нәпақасы үшін табысынан жұмсап жатса, онысы қате емес, қайта садақа болады. 

Қорыта айтқанда, шариғатта әйел кісі өз табысына өзі би, өзі қожа. Онда күйеуінің ақысы жоқ. Ол күйеуінің рұқсатынсыз өз ақшасын өзінің керек-жарақтарына жұмсай алады. Соның ішінде өз жеке ақшасынан садақа берсе де, қарыз берсе де, немесе біреуге ақшалай жәрдем етсе де, ол үшін күйеуінің рұқсаты шарт емес (алайда кей мәселерде ақылдасқан жақсы). Мысалы, риуаятқа қарағанда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайы Мәймуна бинт Харис (Алла одан разы болсын) Алла елшісінен рұқсат сұрамай өзіне тиесілі күңді азат етеді. Кейіннен Алла елшісі (с.а..у.) келгенде, онысын Алла елшісіне айтады. Алла елшісі (с.а.у.) болса оған: «Оны нағашыларыңа бергеніңде, саған сауабы көбірек болар еді» дейді, бірақ жұбайының ол ісіне қарсы шықпайды[2]. Бұдан әйел кісінің өзіне тиесілі дүниесімен не істеймін десе де өз еркі екендігін және ол үшін ерінің рұқсаты шарт емес екендігін түсінеміз.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


[1] Хисамуддин Афана: Фәтәуә.
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №2592 хадис.

Абдусамат Қасым