Зинадан көтерген әйел жігітімен үйленер болса, босанғанын күту керек пе?
Зинадан көтерген әйел жігітімен үйленер болса, босанғанын күту керек пе?
8 жыл бұрын 15612

Әссәләмуғалейкум! Некесіз жақындық жасап, әйел адам көтеріп қалды. Екі айдан кейін үйленіп, некелерін қидырды. Сұрайын дегенім, әйел адам екі қабат кезінде некелесе ме? Әлде бала босанғаннан соң барып, үйленулері тиіс пе еді? Қ.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уа баракатуһ!

Шариғатта некесіз қатынасқа түсу – зина деп аталады. Зина – ауыр күнә. Құран Кәрімде: «Зинаға жақындамаңдар. Шынында, зина – бұзылғандық, әрі, жаман жол»[1], - дей келе некесіз қатынасқа түсуден ұзақ жүруді бұйырады. О дүниеде зинашыларға берілетін жазаның қаншалықты ауыр екендігі бірнеше хадистерде ашық айтылған. Ендеше, мұндай әрекетке барып қойған жастар, бірден тәубе етулері шарт.

Сұрағыңызға келер болсақ, жігіт пен қыз зина жасап, артынан некелерін қиып үйленіп жатса, Ханафи мәзхабы бойынша, қиылған некелері дұрыс. Ал, іштегі бала болашақ күйеуінен болғандықтан «жүкті әйел босанғанға дейін, некелеспейді» дейтін қағида аталмыш жұпқа қатысты емес.  

Осы орайда айта кетелік: күйеуінен ажырасқан әйел немесе күйеуі өліп, жесір қалған әйел өзге ерге тұрмысқа шықпай түрып, белгілі бір мерзім күтеді. Бұны шариғатта «иддәт мерзімі» дейді. Тура сол секілді, аяғы ауыр кұйде ажырасқан әйелдің де иддәт күту мерзімі бар. Оның күту мерзімі – босанғанға дейін[2].    


[1] Исра сүресі, 32 аят.
[2] Талақ – №4 аят.

Абдусамат Қасым