Некенің нендей шарттары бар?
Некенің нендей шарттары бар?
11 жыл бұрын 90114

1.Үйленудің шарттарын жазып жібере аласыз ба? Мақсат A.
2. Неке тұралы білгім келеді. Оның үкімі, шариғатқа сай талаптары қандай? Айдос К.

Дінімізде некелесу – сүннет. Ал зинаға барып қою қаупі болса, онда үйлену уәжіп болады. Отбасы құрып, ұрпақ көбейту – Ислам дінінде қасиетті де ардақты іс. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үйленіңдер және көбейіңдер! Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын», – деп, үйленудің қаншалықты маңызды екенін айтады. Сондықтан да, осы өсиетті орындаудың жолы – неке қию. Некенің шарттары төмендегідей:

1.Неке сөзі. 
Тұрмыс құрғалы жатқан ер мен әйел үйленбек ниеттерін сөз жүзінде білдірулері керек. Бұны «ижәб» және «қабуль» дейді[1]. Неке сөзі «өткен шақта», бір-біріне түсінікті тілде және бетпе-бет отырған кезде (иттихадуль мәжлис) айтылуы тиіс. Мәселен, жігіт «мен сенімен некемді қидым» немесе «сені өзіме жар етіп алдым» т.б. деуі керек, ал қыз сол жерде жауабын беруі керек.

Тағы да айта кету керек, бірінші айтылған сөз (ижәб) үйленуді, некелесуді ашық білдіруі шарт. Ал оған жауапты «қабыл еттім, разымын, келістім т.б.» (қабуль) деген сөздермен беруге болады.

Сондай-ақ, неке сөзі өмірлік некені білдіруі керек. Уақытша некелесуді білдіретін сөз некеге жарамайды. Мысалы, «мен сені бір жылға жар етіп алдым» десе, екінші тарап оған келісім берсе де, ол неке қиылған болып есептелмейді. Бұл Әбу Ханифа және көпшілік ғалымдардың тұжырымы.

2. Ақыл есі дұрыс және балиғат жасына толған болуы керек.
Некелесуді ұйғарған екі жастың екеуі де балиғат жасына толған әрі ақыл есі дұрыс болуы шарт. Ақылы толыспаған бала мен есі дұрыс емес жындының некесі есепке алынбайды. Ақылы толысып, оңды-солын білетін, алайда, балиғат жасына әлі тола қоймаған ұлдың не қыздың некесі қамқоршысының рұқсат беруінен кейін ғана өз күшіне енеді. Балиғат жасына толған қыз өзінің қамқоршысының рұқсатынсыз некелескен болса, Әбу Ханифаның пікір бойынша, ол неке дұрыс болып есептеледі. Ал Имам Мұхаммәдтің тұжырымы бойынша, қиылған неке қамқоршысының рұқсатына дейін өз күшіне енбейді. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) қамқоршының рұқсаты маңызды екенін өзінің хадистерінде айтқан.

3. Неке кедергілерінің болмауы.
Үйленгелі жатқан ерлі-зайыпты арасында шариғат бойынша некелесуге тыйым салынған жақын туыстық немесе уақытша кедергі болмауы тиіс. Мұндай кедергісі бар ерлі-зайыптылар неке қиса да некелері дұрыс боп есептелмейді. Мысалы, бірге туған болмау, сүт бауыр болмау, өзгенің некесінде болмау, жігіт өзге дін иесі болмау т.б. 

4. Куәгерлердің болуы.
Болашақ ерлі-зайыптылар неке қиярда мұсылман, ақыл есі дұрыс, кәмелетке толған екі ер немесе екі әйел бір ер кісіні куәгер етуі керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Куәгерлерсіз неке жоқ», – деген. Куәгерлерсіз қиылған неке шариғат бойынша неке болып есептелмейді.

5. Қызға тең келер жігіт. Үйленген жігіті теңі болмай шықса да, қиылған неке дұрыс. Десе де, Ханафи мәзһабы бойынша, қыздың үйленгісі келген жігіті: біріншіден, қыздың тегіне сай; екіншіден, мәһрін беріп болашақта нәпәқамен қамтамасыз ете алатын; үшіншіден, қыздың «діні» мен «тақуалығына» сай болғаны жөн. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) бұл жайында: «Әйелдерді тек теңіне үйлендіріңдер...», – деген. Теңіне шықпаған жағдайда, оның қамқоршысы қызға тиер зиянның алдын алу мақсатында соттан некенің бұзылуын талап ете алады.  

6. Мәһр[2].
Мәһр көлемі бекітілмей немесе мәһр бермеуге келісіп, қиылған неке дұрыс. Алайда, «мәһр мисл» есептеліп берілуі тиіс. «Мәһр мисл» дегеніміз – қыздың туыстары арасында қай жағынан алғанда да өзіне тең әйелдерге берілген мәһрдің көлемі. Қамқоршысының рұқсатынсыз теңі болмаған жігітке үйленген қыздың мәһрі «мәһр мислдің» көлемінен аз болса, оны толықтырмайынша, қыздың қамқоршысы некенің бұзылуын талап ете алады.[3]

[1] Ижәб деп – бірінші боп үйлену ниетін білдірген кісінің сөзін айтамыз. Мысалы: «Мен сізді өзіме жар етіп алдым» дегені сияқты. Ал «қабул» болса – бірінші айтқан кісінің сөзіне келісім беруі. Мысалы, «Мен де сізге жар болуды қабыл еттім» дей отырып, әлгі кісіге тұрмысқа шығуға ризашылығын білдіруі.
[2] Мәһр жайында толығырақ білгіңіз келсе мына сілтемеге кіріңіз: http://islam.kz/kk/questions/januya/neke/mahr-beruge-mindettimin-be-188/ 
[3]Кәсәни, Бадиғ, Никах; Әл-Хәләф: Әхкәмул Әхуалуш Шахсия.;
    Әл-Әхкәмуш Шәрғия филь Әхуәлиш Шәхсия; Әр-Рази, Хуләса;
    Зухайли, Әл-Уәжиз: Китабун никах; Мәдани, Любаб – 3/13бет.
    Абдрахман әл-Хазири, Әл-Фиқһуль Алаль Мәзәхибиль арбаға, Китабун никах.
    Дәрукутни, Китабун Никах – 3545.;
    Әз-Зубайди, Әл-Жаухаратун Нәйира, Китабун Никах – 668 бет.

Абдусамат Қасым