Күйеуінің тегін алу шариғатқа қайшы ма?
Күйеуінің тегін алу шариғатқа қайшы ма?
10 жыл бұрын 53992

Сәлеметсіздер ме? Көкейімді тесіп, толғандырып жүрген бір сұрағым бар еді. Өзім намаз оқимын. Жақында тұрмыс құрмақ ойым бар. Болашақ жолдасым намаз оқымайды. Ол менің тегімді өзінің тегіне (фамилиясына) ауыстырғанымды қалайды. Шынымды айтсам, тегімді ауыстырғым келмейді. Себебі, тегім атамның атында. Өзім атамның қолында тәрбиеленгенмін. Алайда, ол адам өмірден озды. Бұл мәселе турасында бірнеше әдебиеттерден іздеп көрдім. Әр қайсысында әр келкі айтылған. Мен үшін маңыздысы – шариғаттағы үкімі. Бұл сұрағыма шариғатта жауаб бар ма? М.

Ассалямуғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһу!
Әйел адам тұрмыс құрғанда күйеуінің фамилиясын алу шариғат бойынша дұрыс па?  Қаламқас Аяғанова.

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уә баракатуһу! 

Әйел кісі өз тегін жарының тегіне ауыстырмауына құқылы. Ер кісі (белгілі бір қажеттілік туындамаса) әйелін тегін ауыстыруға міндеттеуі дұрыс емес.

Ал, «ауыстырған жағдайда күнә ма?» яки «шариғатқа теріс пе?» деген мәселе төңірегінде мамандар екі пікірге айырылып отыр.

Бірінші пікірдегілер: «Әйел кісі өз ерінің тегін алуы күнә. Өйткені, өзін өзгенің ұрпағынан санауды тыйған хадистерді тікелей түсінетін болсақ, қазіргі таңдағы әйелдің өз ерінің тегіне ауысуы да күнә болмақ. Пайғамбарымыз (с.а.у.) асыл сөзінің бірінде: «Кімде кім өзін өз әкесіне емес, өзгеге қатысты етсе ... Алланың, періштелердің және бүкіл адамдардың лағнеті соған болсын»[1] , – деген. Осы хадис ерінің тегіне ауыстырудың да дұрыс емес екендігін айтуда. Сондай-ақ, бұл нәрсе мұсылман қоғамына жат өзге діндегілердің үрдісі», – деп отыр.  

Екінші топтағы мамандардың пікірі бойынша, бұл нәрсе әйелді таныту мақсатында жасалады. Өзін ерінің тегімен атау кей елдерде «таныту» үшін айтылып жататыны анық. Бұл «Пәленше әйел түгенше отбасыға келін боп барды», – деп айтқанымыз сияқты. Осы секілді бір кісіні түрлі жолмен танытуға болады. Арабтарда күнниясымен «Әбу Абдулла» немесе лақабымен «Хафиз», кейде әкесін біле тұра анасымен атап та жатады, «Ғуляйя ұлы Исмағил» деген сияқты, тіпті кейде күйеуіне қосып атайды. Мәселен, Құран аяттарындағы «Нухтың әйелі және Луттың әйелі... Перғауынның әйелі...»[2] деген сияқты. Бұл жерде әйелдерді күйеулерінің атымен танытып тұр.

Бухариде келген бір хадисте: «Мәсғутұлының әйелі Зәйнәб (р.а.) Пайғамбарымызға келіп (кіруге) рұқсат сұрайды. (Сахабалар) Уа Алланың Елшісі! Зәйнәп кіруге рұқсат сұрап тұр!», – деді. Ол (с.а.у): «Қай Зәйнәб?», – деп сұрағанда, сахабалар: «Мәсғутұлының әйелі», – дейді. Алланың елшісі кіруге рұқсат береді[3]. Осы хадисте әйелді таныту үшін өз ерінің, яғни сахаба Абдулланың тегімен атап тұр. Қазіргі таңдағы өз ерінің тегімен жазылу үлгісі де таныту мақсатында жасалатындықтан шариғатқа теріс емес. Ал шариғат өз әкесімен атамай, өзгенің әкесімен атауға шектеу қояды[4].

Осы екі пікірді қорыта келе айтарымыз, әйел кісі өз ерінің тегін алуға міндетті емес, күйеуі оны мәжбүрлей алмайды. Ал, біздің елде өз ерінің тегін алған әйел әкесінің атын емес, тек тегін өзгертумен ғана шектелетіндіктен, күнә емес десек қателеспеспіз. Ең дұрысын Алла біледі!


[1] Ибн Мәжә, «Китабуль Худуд», №2609-хадис.
[2] Тахрим сүресі – 10аят.
[3] Бухари, «Китабуз Зәкәт», №1393-хадис.
[4] http://dar-alifta.org

Абдусамат Қасым