Әуелі мұсылман болып, кейін христиан дініне өткен "мүртәдд" әйелмен үйленуге бола ма?
Әуелі мұсылман болып, кейін христиан дініне өткен "мүртәдд" әйелмен үйленуге бола ма?
5 жыл бұрын 3929

Әссәләмуғалейкум! Сұрағым бар еді. Мұсылман еркек христиан немесе яһуди дініне өткен мұртад әйелмен үйлене ала ма? Алтынбек.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Исламнан шығып, бөтен дінге өткен әйелді «мүртәдда» дейді (еркекті «мүртадд», біз жазбада екеуіне де мүртәдд деп қолдандық). Мүртәдд деп, алғашқыда мұсылман болып жүріп, өз еркімен, ешкімнің мәжбүрлеуінсіз Ислам дінінен шыққан адамды айтады. Мейлі атеистікке өтсін, мейлі өзге дін өкілі атансын, екі жағдайда да мүртәдд саналады.

Мүртәдттың жазасы дінімізде ауыр. Ондай адам тәубе етіп, райынан қайтуға, қайта мұсылман болуға үкіттеледі. Осы орайда, оған итермелеген себептер қарастырылып, қайта дінге оралуы үшін барынша түсініктемелер жүргізіледі. Белгілі уақыт өткеннен кейін райынан қайтпаса, шариғат соты мүртәдд ер адамды өлім жазасына кеседі. Ал мүртадд әйелге қатысты қазы (сот) тұтқындалуға және тәубеге келгенше бас бостандығынан айыруға шешім шығарады. Оған өлім жазасы берілмейді.

Ескерте кету керек, шариғатта жаза тек арнайы заңды соттың (қазы) шешімімен жүзеге асады. Дінімізде, сотсыз жазалауға (самосудқа) жол жоқ.  

Ал, енді, мүртәдд әйелмен үйленуге бола ма? – дегенге келер болсақ, ондай әйелмен қайта мұсылман болмайынша, ешкім үйлене алмайды. Мұсылман да, кәпір де. Үйленген күннің өзінде некелері дұрыс емес. Бұл мәселеде Ислам ғұламалары арасында «ижма» бар[1].

Бұған байланысты «әл-Һидая» кітабында былай делінген:

«Мүртәдд әйелмен мұсылман да, кәпір де үйлене алмайды»[2].

Алла баршамызды мұсылман күйінше жан тәсілім етуімізді жазсын. Кәпір болып өлуден сақтасын! 


[1] Әл-Мәусуғатуль Фиқһия. 36/222 бет.
[2] Имам Марғинани: әл-Һидая. Бәбу Никаһи әһлиш ширк.

Абдусамат Қасым