Әссәләмуғалейкум! Сайт ұжымы, бір сәләфи жігіт: «қаматтың сөздері бір мәрте айтылады, екі рет айтылмайды» деп айтып қоймады. Екі рет қайталау дәлелсіз дейді. Оған не дерімді білмедім. Сайттарыңызға осындай мәселелерге қатысты дүниелерді жазып тұрсаңыздар.
|
Сәләфилер қаматтағы сөздердің екі-екіден айтылуын дәлелсіз дейді, сол рас па?
|
Уағалейкум әссәләм!
Қаматтағы сөздердің екі-екіден қайталанып айтылуы – хадистерден алынған. Осыдан келіп, Суфян әс-Сәури, Абдулла ибн Мүбәрәк, Имам Ағзам Әбу Ханифа сынды Ислам ғұламалары қаматтағы сөздердің екі реттен қайталанып айтылуын құп көрген. Осыған қатысты келтірілген хадистердің бірсыпырасы төмендегідей:
1. (Азан шақыру бекітілмей тұрып) Сахаба Абдулла ибн Зәйд әл-Ансари өзінің түсінде «азан шақырғанды» көреді. Ол түсіндегісін бірден Пайғамбарымызбен бөліседі. Пағамбарымыз оған: «Оны Біләлға үйрет», - деп бұйырады. Ол азан және қамат сөздерін екі-екіден айтты. Сосын бір рет отырды. (Шәрху Мәғанил әсәр атты кітапта, Имам Тахауи риуая еткен. Хадистің келу жолы – сенімді (сахих)).
2. Сахаба Әбу Махзүраның айтуы бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған азаннан он тоғыз, қаматтан 17 (он жеті) сөз үйреткен. (Тирмизи - №192; Нәсәи - №630 т.б. Хадис Сахих.).
Дәлірек айтқанда, қаматта: Аллаһу әкбәр сөзі – 4 (төрт); Әшһәду әллә сөзі – 2 (екі); Әшһәду әннә сөзі – 2 (екі); Хәйя аләл фәләх сөзі – 2 (екі); Хәйя алас сала сөзі – 2 (екі); Қад қамәтис сала сөзі – 2 (екі); Аллаһу әкбәр сөзі -2 (екі); Лә иләһә иллаллаһу сөзі – 1 (бір). Бәрін қосқанда 17 (он жеті) сөз.
3. Әсуәд ибн Язид былай дейді: «Біләл азанды (азан сөздерін) екі-екіден қайталап шақыратын. Қаматты да (қамат сөздерін де) екі-екіден қайталап түсіретін еді. Тәкбірмен бастап, тәкбірмен аяқтайтын». (Имам Абдурраззақ, Имам ат-Тахауи және Даруқутни риуаят еткен. Хадистің келу жолы – сенімді (сахих)[1].
4.Сахаба Абдулла ибн Зәйд былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) азан шақырғанда, азаны да, қаматы та (яғни, азан сөздері де, қамат сөздері де) жұп-жұптан еді». (Тирмизи - №194 хадис.).
5. Осы хадистің тағы бір нұсқасында: «Мен Пайғамбарымыздың шақырған азанын естідім. Оның (с.а.у.) азаны да, қаматы да екі-екіден еді», - делінеді... (Тухфатул әхуәзи. Тирмизидің шархы. 194-хадис түсіндірмесі.).
6. Имам Бәйһақидің кітабында келтірілген бір хадисте, сахаба Абдулла ибн Зәйд былай дейді: «Мен Пайғамбарымызға (с.а.у) келіп: «Уа Расулалла! Мен түсімде бір адамды көрдім. Үстінде екі жасыл жамылғы киімі бар еді. Ол төбеге шығып екі-екіден (сөздерін қайталап) азан шақырды. Қаматты да екі-екіден айтты». (Бәйһақи риуаят еткен.).
[1] Әсәрус сүнәннің хашиясында «Әсуад Біләлмен көріскен» делінген.