Дәлелдерімен намаз: Имамға ұйыған кісі де іштей Құран оқи ма?
Дәлелдерімен намаз: Имамға ұйыған кісі де іштей Құран оқи ма?
8 жыл бұрын 33826

Имамға ұйыған адам «Сәнә», «тәшәһһуд» сынды дұғаларды ғана іштей айтып, «Фатиха» және қосымша сүрені оқымайды.

Бұны Ханафи мәзһабынан бөлек өзге мәзһәб ғұламалары арасынан Абдуллаһ ибн Уәһәб, Мәлики мәзһабы ғалымы Әшһәб және табиғин Ибн Мусәйяб сынды ғалымдар да  құптаған[1].

Бұл мәселе төменде келтірілген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде де айтылған:

«Сахих Мүслімде» риуаят етілген №577 хадисте сахаба Саид ибн Сәбиттен имамның артында қосылып қырағат ету жайында сұрағанда, Ол (р.а.):

سَأَلَ زَيْد بْن ثَابِت - رَضِيَ اللَّه عَنْهُ - عَنْ الْقِرَاءَة مَعَ الْإِمَام فَقَالَ : لَا قِرَاءَة مَعَ الْإِمَام فِي شَيْء. رواه مسلم

«Еш жерде имамның артында қырағат ету деген жоқ», – деп жауап берді[2].

 

Сондай-ақ, «Сахих Мүслімде» келтірілген деректе Сахаба Имран ибн Хусайн былай дейді:  

عن عِمْرَانَ بْنِ حُصَيْنٍ قَالَ صَلَّى بِنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ صَلَاةَ الظُّهْرِ أَوْ الْعَصْرِ فَقَالَ أَيُّكُمْ قَرَأَ خَلْفِي بِسَبِّحِ اسْمَ رَبِّكَ الْأَعْلَى فَقَالَ رَجُلٌ أَنَا وَلَمْ أُرِدْ بِهَا إِلَّا الْخَيْرَ قَالَ قَدْ عَلِمْتُ أَنَّ بَعْضَكُمْ خَالَجَنِيهَا. رواه مسلم.

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) бізге бесінде ме, жоқ екінті де ме имам болып, намаз оқыды. Намаздан кейін бізге қарап: «Қайсысың артымда тұрып «Сәббихисма Раббикәл әълә» деген?» – деп, сұрады. Ұюшылардың бірі: «Мен едім, бірақ, жаман ойым болған жоқ», – деп, жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз: «Қайсысы менімен жарысып тұрған деп ойлап қалдым»,[3] – дейді өзгелердің имаммен қоса жармасып оқып тұруын дұрыс көрмей.

Хадисші Тирмизидің кітабында «сахих жолмен» жеткен бір риуаятта сахаба Жәбир ибн Абдулланың мына сөзі келтірілген. Ол (р.а.) былай дейді:

عن أبي نُعيم وهبٍ بن كَيسانَ أنّه سمع جابر بن عبد الله يقول: مَن صَلَى رَكَعَةً لَم يَقرَأ فِيهَا بِأُمِّ القُرَانِ، فَلَم يُصَلِّ إلاَّ أن يَكُونَ وَرَاءَ الإمامِ" رواه ترمذي ,حديث حسن صحيح 

«Кім де кім бір рәкәғаттың өзінде Фатиха сүресін оқымаса, намазы жоққа есеп. Тек Имамның артында тұрса, оның жөні басқа». (Хадис Хасан және Сахих)[4].   

 Дарақұтнидің «Сүнәнындағы» сахаба Әбу Дәрданың мына сөзі риуаят етіледі:

عن أَبِي الدَّرْدَاءِ (فقيه الشام) سَمِعَهُ يَقُولُ سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَفِي كُلِّ صَلَاةٍ قِرَاءَةٌ قَالَ نَعَمْ قَالَ رَجُلٌ مِنْ الْأَنْصَارِ وَجَبَتْ هَذِهِ فَالْتَفَتَ إِلَيَّ وَكُنْتُ أَقْرَبَ الْقَوْمِ مِنْهُ فَقَالَ مَا أَرَى الْإِمَامَ إِذَا أَمَّ الْقَوْمَ إِلَّا قَدْ كَفَاهُمْ

«Бір кісі Пайғамбарымыздан: – Барлық намазда қырағат етіле ме? – деп сұрағанда, Алла елшісі: "Иә"  деп жауап береді. Сонда жаңағы кісі: «бұл маған міндет болды» дейді. (Әбу Дарда айтады) Сол кезде басқалардан гөрі мен Пайғамбарымызға ең жақынырақ тұр едім, Ол (с.а.у.) маған бұрылып: – Алайда намазда имам болып тұрған имамның оқығаны жамағатқа жеткілікті», – деген еді[5].

Имам Мәліктің «Әл-Муатта» атты хадис кітабындағы риуаятта:

حَدَّثَنِي يَحْيَى، عَنْ مَالِكٍ، عَنْ نَافِعٍ، أَنَّ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ عُمَرَ، كَانَ إِذَا سُئِلَ هَلْ يَقْرَأُ أَحَدٌ خَلْفَ الإِمَامِ قَالَ إِذَا صَلَّى أَحَدُكُمْ خَلْفَ الإِمَامِ فَحَسْبُهُ قِرَاءَةُ الإِمَامِ وَإِذَا صَلَّى وَحْدَهُ فَلْيَقْرَأْ ‏.‏ قَالَ وَكَانَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ عُمَرَ لاَ يَقْرَأُ خَلْفَ الإِمَامِ ". رواه مالك بن أنس

Сахаба Абдулла ибн Омардан (р.ғ.): «Имамның артында тұрған адам қырағат[6] ете ме?», – деп сұрағанда Ол (р.а.): «Кім де кім имамға ұйып намаз оқыса, имамның қырағат етуі жеткілікті. Ал, оңаша оқыған кезде қырағат етсін»[7],– деп, жауап берген. Әрі қарай хадисті риуаят етуші кісі сөзін былай жалғастырады: «Сахаба Абдулла ибн Омар имамның артында тұрғанда қырағат етпейтін». 

Жоғарыда келтірілген хадистердің барлығы имамға ұйыған кісінің Фатиха мен қосымша сүрені  оқымайтындығына дәлел бола алады.

Әйткенмен де, кей ғалымдар сахаба Әбу Һұрайра мен Айша (Оларға Алла разы болсын) анамыздан риуаят етілген: «Фатиха» сүресі оқылмаған намаз толық емес» деген хадиске сүйеніп, имамның артындағы жамағат та оқуы керек дегенді алға тартады. Алайда, аталмыш хадис оған дәлел емес. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл өсиетін намазды оңаша оқитындарға қаратып айтқан болуы мүмкін. Бұлай деуіміздің себебі Сахаба Жәбірден (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.):

عن جابر عن أبي الزبير عن جابر قال قال رسول الله صلى الله عليه و سلم: " مَنْ كَانَ لَهُ إمَامٌ فَقِرَاءَةُ الْإِمَامِ لَهُ قِرَاءَةٌ ". رواه ابن ماجه (حسن 

 «Кім имамға ұйыған болса, имамның қырағат етуі оның да қырағаты болып есептеледі»[8], – деген[9].

Әнас ибн Сириннің риуаяты бойынша, Омар ибн Хаттаб:

و أنس بن سيرين قال: قال عمر بن الخطاب: " تَكْفِيكَ قِرَاءَةُ الْإِمَامِ". رواه ابن أبي شيبة في "المصنف".

 «Саған имамның оқуы жеткілікті»,– деген. 

Бұнымен қатар, «Фатиха» оқымаған адамның намазы жоқ» деген хадиске Имам Ахмад ибн Ханбал: «Бұл хадис өз бетінше оңаша оқитындарға қатысты айтылған», деп түсіндірме жасағанын қаперге салғымыз келеді[10].


[1] Бәдруддин Айни, Нухабүл-әфкәр – 4/88-бет.
[2] Мүслім, №577 хадис.
[3] Мүслім, №398 хадис; Нәсәи-387-баб/991-хадис.
[4] Тирмизи – 1/317бет, №313 хадис.
[5] Дарақұтни сүнәні, 2/125-бет, №1262 хадис.
[6] Фатиха мен қосымша сүре оқу
[7] әл-Муатта Имам Мәлік – 1/86-бет: 10-баб, 43-хадис.
[8] Ибн Мажә, 376-бет/ 850-хадис; Зәуәиду Сүнән Дарақұтни, №563 хадис.
[9] Имам Тахауи, Шарху Мағанил Әсәр, Имамның артында қирағат ету бабы. 4/89-бет.
[10] Ибн Әби Шәйбә, «ман раххаса филь қираәтә халфәл имам», №9 хадис.

 
"Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі"
Авторы: А. Қасым. 
«Дәуір» баспасы. 
Алматы, 2017 ж.
(Түзетулер мен толықтырулар енгізілген ІІ басылым)