Әйел кісінің еркек гинекологқа қаралғаны дұрыс па?
Әйел кісінің еркек гинекологқа қаралғаны дұрыс па?
7 жыл бұрын 11688

1.Әссәләмуғалейкум уа рахматтуллаһи уа баракатуһ! Еркек гинекологқа қаралу күнә мә? Мыңбаева Асель 

2. Әссәләмуғалейкум! Келіншегім жүкті кезінде әйел гинекологтың болмауы себепті, еркек гинеколог дәрігерге көрінеді. Және жақында ұятты жеріне ота (операция) жасатты. Сол кезде де, әйел хирургтың болмауынан, еркек хирург ота жасады. Бұл күнәға жата ма?  Мақсат.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шариғат бойынша әйел кісі өзінің әурет жерлерін бөгде ер кісіге көрсетуіне болмайды. Құранда былай делінген: «...Және өздігінен көрінетін жерлерден басқасын (бөгде еркектерге) көрсетпесін...»[1]. Аятта да айтылғандай, өздігінен көрінетін жерлерден (білезікке дейінгі қолы, жүзі және тобыққа дейінгі аяғы) тыс жерлерін бөгде еркекке көрсетуі дұрыс емес.

Сондықтан мүмкіндігінше, әйел гинекологқа көрінуі керек. Қазіргі кезде әйел гинекологты табу қиын емес.

"Әл-Фәтәуаль Һиндия" атты кітапта былай делінген:

«Әйелдің ғаурат жерінде жара пайда болса, ер кісіні емес, емдей алатын әйел кісіні қарастырады. Немесе, еркек дәрігер өзге әйел кісіге қалай емдейтінін үйретеді. Ал, егер науқас әйел жарасы себепті қатты ауырсынса, немесе өміріне қауіп төнсе және емдейтін әйел табылмаса ғана, еркек дәрігердің емдеуіне рұқсат. Емдеу барысында тек жара бар жерді ғана ашық қалдырып, қалған жерін жабады. Және мүмкіндігінше тек жара бар жерге қарап, қалған жерлеріне қарамауға тырысады»[2].  


[1] Нұр сүресі – 31 аят.
[2] Әл-Фәтәуәль Һиндия – 5/407 бет.

Абдусамат Қасым