Түсінде жылан көрсе, ол нені білдіреді?
Түсінде жылан көрсе, ол нені білдіреді?
1 жыл бұрын 145218

Мен түсімде жиі сұр жылан көремін. Үнемі бір жыланды көремін, түсі де сол. Біресе сол жылан үйдің ішінде жатады, біресе құдықта жүреді. Сол нені білдіреді екен?... Ұлжан.

Әлхамдулиллә. Уассаләту уәссәләму аля Расулиллә.

Құрметті сауал жолдаушы, түсінде жылан кірсе, ол «дұшпан» делінген кітаптарда. Бірақ, кейде жылан билікке қол жеткізетіндігін және балалы болатындығын да білдіруі мүмкін екен. Сондай-ақ, кейде жылан су мен селді де білдіреді.

1) Кім түсінде жыланмен арпалысса, дұшпандарымен арпалысатындығын білдірмек.

2) Кім түсінде жыланды өлтірсе, дұшпанын жеңетіндігіне ишара.

3) Түсінде жылан шақса, дұшпанынан оған бір ұнамсыз тірлік жасалатындығына жорамалданады.

4) Кім үйіне жыландардың кіріп, еш залал тигізбей шығып кеткенін көрсе, бұл - туыстарының арасында бұған дұшпан болып жүргендер бар екендігін білдіреді. Ал жыланды үйінен тыс жерде көрсе, бұл - дұшпандарының бөтен адамдар екендігін білдірмек.

5) Түсінде бір жыланның жоғарыдан құлап өлгенін көрсе, сол жердің басшысының өлетіндігіне ишара.

6) Кім түсінде бақшасының жыланға тола екендігін көрсе, ол - бақшасының өнімге тола болатындығын білдіреді.

7) Кейде жылан әйел затына да ишара болуы мүмкін екен. Мысалы, кім төсегінде жыланды өлтіргенін көрсе, әйелінің қайтыс болатындығын білдіреді-мыс.

Атақты түс жорушы Ибн Сиринге (р.а.) бір жігіт келіп:

- Түсімде бір жылан шапшаң жорғалап бара жатыр екен, мен оның соңынан ілесіппін. Бір кезде жылан ініне кіріп кетті. Мен қолымдағы күректі ініне қойдым, - деп айтады. Ибн Сирин оған:

- Бір қызға айттыратын ба едің? - деп сұрайды.

Жігіт:

- Иә, деп жауап береді. Сонда Ибн Сирин (р.а.) оған:

- Сен ол қызды аласың, бірақ ол қыз қайтыс болады, оның артынан саған көп мұра қалады, - деп түсін жорып беріпті. Жігіт расында да айттырғысы келген қызды айттырып, артынан оны жар қылып алады, алайда зайыбы қайтыс болып, артында жеті мың дирһам күміс қалдырған екен1

Әдетте мұндай қорқынышты түстер шайтаннан болып келеді. Сондықтан да, жылан көрген кісі ұйқысынан ояна сала сол иығына түкіріп: «Әғузу билләһи минәш шайтанир ражим» деп айтсын. Мағынасы: "Лағынет шайтанның зиянынан Аллаға сыйынамын!" дегендік. 


1Ибн Сирин, «Түстердің тәпсірі». Жылан.

Абдусамат Қасым