Құлаққап арқылы Құран тыңдап жатып ұйықтауға бола ма?
Құлаққап арқылы Құран тыңдап жатып ұйықтауға бола ма?
10 жыл бұрын 26637

Mp3 нұсқадағы сүрелерді құлаққап арқылы (наушник) тыңдап жатып ұйықтауға бола ма? Күнә емес пе? Нұрсәуле Әлімжан

 

Қадірменді Нұрсәуле, құлаққап арқылы Құран тыңдап жатудың күнәсі жоқ. Өйткені Құранда: «Олар тіке тұрып және отырып, әрі бір жағына жатып Алланы еске алады...»[1], - деген аят бар. Сүрелерді тыңдау да Алланы еске алу болғандықтан оны жатып тыңдауға рұқсат. 

Дегенмен, ұйқыға кетпес бұрын Құран сүрелері оқылып жатқан электронды құралды өшіргеніңіз абзал. Немесе, қасыңыздағы кісілерден сіз ұйқыға кеткен жағдайда электронды құралды өшіруін өтініңіз. Бұл бір шетінен «Құран оқылғанда құлақ түріп тыңдаңдар» - деген аятқа сай.

Екіншіден, ұйқы кезінде өзге ағзалар іспетті есту мүшеңіз  де тынығып,  миыңыз дамыл  алған болады. Құранда: «Сендерге ұйқыны дамыл алсын деп жасадық»[2] - десе, үңгір иелері жайында айтылған басқа бір аятта: «Үңгірде біз олардың құлақтарын бірнеше жылға бекіттік»[3] - делінген. Осы екінші аят саламатты ұйқы үшін құлақ тыныштығы ләзім екендігіне ишара етіп тұрғандай. 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!    


[1] Әли Имран сүресі, 191-аят.
[2] Фурқан сұресі, 47-аят.
[3] Кәһф сұресі, 11-аят.

Абдусамат Қасым