Ассаләмуғалейкум! Қолтырауынның және жыланның терісінен тігілген аяқ киімді киюге бола ма? Ерболат.
Қолтырауынның және жыланның терісінен тігілген аяқ киімді киюге бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Ханафи мәзхабы бойынша, доңыздан басқа хайуан терілері екі жолмен тазарады:
1. Хайуанды бауыздау арқылы (кей ғалымдар шариғи талаптарға сай бауыздау керек деген)[1].
2. Илеу арқылы (яғни, бауыздалмағандардікі илеу арқылы тазарады). Өйткені тері илену арқылы қан т.б. нәжіс сұйықтықтардан тазаланады. Теріні илеу – нәжіс көйлекті жуған сияқты дейді ғалымдар[2]. Ханафи ғалымы Имам Кәсәни былай деген:
«فالدباغ تطهير للجلود كلها إلاجلد الانسان والخنزير كذا ذكر الكرخي»
«Илеу – барлық теріні тазалаушы. Тек, адам терісі мен доңыз терісі басқа. Имам Кәрһи солай деген»[3]. (Доңыз "нәжәс аин" болғандықтан терісі иленбейді, ал адам құрметті жаратылыс болғандықтан терісін қолдану харам)
Ал енді, терісі иленуге келмейтін жан-жануарлардың терілері бауыздаса да тазармайды. Мысалы, тышқандардың терісі, кішкентай жыландардың терісі. Ол жайында кітаптарда былай делінген:
َقَوْلُهُ كُلُّ إهَابٍ يَتَنَاوَلُ جَمِيعَ جِلْدٍ يَحْتَمِلُ الدِّبَاغَ، وَأَمَّا مَا لَا يَحْتَمِلُ الدِّبَاغَ مِثْلُ جِلْدِ الْحَيَّةِ الصَّغِيرَةِ وَالْفَأْرَةِ لَا يَطْهُرُ بِالدِّبَاغِ كَاللَّحْمِ
«Барлық тері...» деген сөзі – барлық илеуге келетін (илеуге икемді, жарамды) теріні қамтиды. Ал, илеуге келмейтін (жан-жануарлардың және жәндіктердің) терілері болса, мысалы, кішкентай жыланның терісі, тышқанның терісі, олар – илеу арқылы тазармайды. Ет сияқты».
لأن جلده حينئذ يكون بمنزلة اللحم، وإلا فيطهر جلده فقط
«Өйткені оның терісі (яғни, илеуге жарамайтын хайуанның тері) ондай кезде - етпен тең. Бірақ (иленуге жарамды болса) ғана терісі тазарады».
قوله جلد حية صغيرة) أي لها دم، أما ما لا دم لها فهي طاهرة،
«Кішкентай жыланның терісі» дегені – қаны бар жыланға қатысты. Қаны жоққа қатысы жоқ, ол - таза» [4].
Аталмыш мәтіндерге қарасақ, жылан терісінің илеуге икемсіз және илеуді көтере алмайтындай болуы себепті, оны ертеректегі ғұламалар «жылан терісі тазармайды» деген. Жылан терісі илеуге келмейтіндіктен, оның терісі де еті сияқты нәжіс боп саналады деп отыр. Өйткені, Пайғамбарымыз (ғалейһиссаләту уә сәлләм) өзінің бір хадисінде былай дейді: «((أيُّما إهابٍ دُبِغ فقد طهر)) – Қандай да бір тері иленген жағдайда, тазарады»[5]. Бұл дегеніміз, әлдебір тері илеуге келмесе – тазармайды деген сөз.
Бірақ, бүгінде жылан терісін илеу және оны өңдеу технологиясы жолға қойылғандығы белгілі. Әсіресе жыландар көп мекендейтін Индонезия сияқты өлкелерде жылан терісі өндірісі қатты дамыған.
Осыған орай, қазіргі таңдағы кей дін мамандары: «Бүгінде жылан терісін илеп, өңдеу мүмкіндігі бар болғандықтан, өңделген жылан терісі таза, әрі оны сатуға рұқсат» деп тұжырым білдірген.
Дегенмен, жылан терісі қанша өңделсе де тазармайды дейтін Ханбали мәзхабындағы дін мамандары да бар. Себебі, Ханбали мәзхабында еті желінетін хайуандардың ғана терісі таза. Одан өзге еті желінбейтін жан-жануарлардың терілері өңделсе де тазармайды. Әйтсе де, біздің мәзхабта, яғни, Ханафи мәзхабында еті желінбейтін қандай да бір хайуанның терісі иленген жағдайда немесе ол хайуанды шариғи талапқа сай бауыздаған жағдайда терісі тазарады.
Қорытынды
Қорыта келе айтқанда, жылан терісі иленіп, өңделетін болса, таза үкімін алып, одан жасалған бұйымдарды қолданудың ағаттығы жоқ деуге болады. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
Қолтырауынның терісі...
Қолтырауынның терісіне келсек, оны да Пайғамбарымыздың «Барлық тері иленсе, тазарады» деген үкімінің аясында қарап: қолтырауынның еті арам, бірақ терісі иленіп, өңделген жағдайда тазарады, әрі одан жасалған бұйымдарды пайдалануға рұқсат деген тоқтамға келуге болады.
Тіпті, Мәлики мәзхабында қолтырауынның еті адал саналған. Ханбали мәзхабында да қолтырауынның етін адал санайтындар бар. Бұған қарағанда, терісі де таза болмақ. Уәлхамдулилләһи раббиль аләмин.
[1] Мұсылман не Әһли китаптан болған біреу арқылы бауыздалған болу. Мәжуси дініндегі адам бауыздаған хайуанның терісі тазармайды, ондай жағдайда ол тері тек иленіп өңделу арқылы тазарады. Ибнуль Һумам: «Фәтхуль қадир».
[2] Уаһбату Зухайли: «әл-Фиқһиль Исләми уә Әдилләтуһу» - «Әнуаъуль Мутаһһирот».
[3] Имам Кәсәни: «Бәдәиъус Санаиъу». 1/442 бет.
[4] Ибн Ғабидин: Раддуль Мұхтар. 1/355-359 бет. Қосымша: Бәдруддин ал-Айни: «әл-Биная»; Ибн Нүжәйм: «Бахрур роиқ».
[5] Сахихун Нәсәи: №4252 хадис.