Әссәләмуғалейкум! Тұзақ қойып, қақпан салып аң аулайтын әуестігім бар. Сұрайын дегенім тұзаққа түскен қоянның еті адал ма? Буынып өліп қалатын кездер болады.
Қақпанға түскен қоянның еті адал ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Қақпанға не сол сияқты арнайы аң аулайтын құралдарға түскен қоянды өлмей тұрып бауыздап үлгерсеңіз, оның еті адал. Ал, сіз келем дегенше буынып не жарақат себепті өліп қалған болса, арам өлгенге есептеледі. Етін жеуге болмайды. Өйткені, біріншіден, «бисмилла» айтылмаған. Екіншіден бауыздалмаған күйі өліп отыр. Пайғамбарымыз бір сөзінде: «Сүйек пен тістен өзге (кескіш) заттармен қан ағызылып, Алланың есімі айтылған болса, етін же», - деген[1]. Бұл айтқанымыз қақпанға түскен аңға қатысты. (Осы орайда, Ханафи кітаптарында былай делінеді: "Егер, ауда қол орақ тәрізді жарақаттайтын құрал болып, оны бисмилла айтып қойса, кейін ол соған түскен аңды жарақаттаған болса, еті адал делінеді).
Ал, оқ атып немесе арнайы үйретілген ит яки бүркіт секілді тырнақты құс салып ауланған аң сіз барам дегенше өліп қалса да оның еті адал. Аң аулауға үйретілген иттің азу тісінен, құстың тырнағынан яки мылтық не садақ оғынан жарақаттанып қансырауы - бауыздалған боп саналады.Тек, аңға итті не бүркітті салғанда яки мылтықтың шүріппесін басқанда «бисмилләһи, Аллаһу әкбар» сөзін айтуды ұмытпаған дұрыс және ата салып атқан аңын іздеуге кірісуі шарт.
[1] Сахих Мүслім: Китабуль Азахи, 1968 хадис. Имам Нәуәуидің түсіндірмесі.: Ханафи ғалымдарынан Имам Зайлағи (р.а.) қақпанға түсіп өлсе, еті адал емес деген. Руддуль Мухтар, 9/438-439; 10/56 бет.)