Неге Пайғамбарымыз суды тұрып ішуден тыйған?
Неге Пайғамбарымыз суды тұрып ішуден тыйған?
8 жыл бұрын 43413

Ассалаумағалейкум! Естуім бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) тұрып су ішуден тыйған екен. Соның нендей мән-мағынасы барын айтып беріңіздерші! Ермек

Уағалейкумуссалам! Ермек, рас Алланың Елшісі (с.а.у.) бірнеше хадисінде суды тұрып ішуден тыйғандығы айтылады. Атап айтсақ, сахаба Әнәстың сөзіне қарағанда: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) (суды) тұрып ішуден қайтарған[1].

Әбу Һурайрадан риуаят етілген басқа бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз: «Ешкім тұрған күйде су ішпесін! Кім ұмытып ішкен болса құсып тастасын!», - дегені тағы бар. (Бұл жердегі «құсып тастасын» деген сөз бұйрықты білдірмегендіктен, ішкен суын құсып тастауы міндет емес[2]).

Əйтсе де, Пайғамбарымыздың тіке тұрып су ішкендігі де сенімді деректерде келтіріледі. Мәселенки, "Сахих Бухари" атты хадистер жинағында орын алған бір риуаятта Әзіреті Али беті-қолын жуып, артылған суын тұрған бойы ішеді де былай дейді: «Шынында адамдар тұрып су ішуді дұрыс көрмейді. Дегенмен Алла Елшісі менің жаңа ғана істегенімдей істеген еді (тұрған бойы ішкен еді)»[3]. Осылайша, ардақты сахаба тұрып ішудің де күнə емес екендігіне назар аудартқан.

Сондай-ақ, сахаба Абдулла ибн Омардың: «Біз Пайғамбарымыздың көзі тірісінде жүріп бара жатып тамақ жейтінбіз және тұрып су ішетінбіз!»[4], - деген сөзі тағы бар.

Осы хадистерге қарай, Пайғамбарымыздың суды тұрған күйі ішуі  - олай ішудің рұқсат екендігін көрсетсе, ал одан тыюы - тұрып ішкеннен гөрі отырып ішкеннің абзалдығын білдіреді деп топшылауға болады.

Ендеше, мүмкіндігінше суды отырып ішкенді дағдыға айналдырған дұрыс. Олай болған себебі, отырып су ішу адамның бойына тұрып ішкендегі суға қарағанда сіңімдірек екендігі қазіргі ғылымда да айтылады. Егер адам отырып су ішсе, ішкен суы әуелі асқазанда тұрақтап, ондағы қышқылдықпен араласып судағы түрлі бактериялар өледі де, су таза күйінше ас ішекке өтеді. Бұл болса «тырысқақ» сынды түрлі жұқпалы ауруға шалдығудан сақтайды деседі мамандар.

[1] Муслим, әшриба - №2024-хадис.
[2] Муслим, әшриба - №2026-хадис. Имам Нәуәуи шархы.
[3] Бухари, әшриба -№5293-хадис.
[4] Асқалани, Фатхуль Бари - №5293-хадис түсіндірмесі. (Бұл 2013 жылы muslim.kz сайтында "Суды тұрып ішу зиян ба?" атты тақырыппен жарық көрген жазбамның аз-маз редакцияланып, қайта жария етілген нұсқасы).

Абдусамат Қасым