Қаңғыбас иттерді өлтіруге бола ма?
Қаңғыбас иттерді өлтіруге бола ма?
2 жыл бұрын 4518

Ассәләмуалайкум! Қаңғыбас иттерді өлтіруге бола ма? Әбу Айша Қойшыбай.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен мына нәрсені айта кету керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғалейһиссаләту уәссәләәм) ит жануарларын да «өз алдына бір үмбет» деп атап, оларды бостан босқа өлтіруден тыйған. Ішіндегі тек қап-қара түсті қабаған, адамға зияны тиетін иттерді ғана өлтіруге рұқсат берген[1]. Кейбір деректерде, Алла елшісінің (с.а.у.) алғашында иттердің бәрін өлтіруді бұйырғандығын, кейіннен тек қабаған иттерді ғана өлтіруге рұқсат беріп, қалған иттердің зияны болмаса, өлтіруден тыйғандығы айтылады.  

Дейтұрғанмен, шариғатта: «الضرر يُزال / Зиян – жойылу керек» деген қағида бар. Сонда, мысалы, қаңғыбас иттердің адамдарға, соның ішінде кішкене балаларға немесе мал-жанға зиянын тигізіп, айналаға қауіп төндіріп жатса, олардан келіп жатқан зиянды бертарап ету міндет болады. Және де осы мақсатта олардан келер залалды жоюдың бірден-бір жолы өлтіру ғана болса, жауапты органдарға жүгініп, солардың көмегімен өлтіруге рұқсат етіледі. Ал, зияны жоқтарын өлтіргеннен гөрі, мүмкіндігінше арнайы «қаңғыбас иттерді паналататын мекемелерде» ұстаған абзал. Төл дініміз Ислам діні: «Жердегілерге мейірбандық танытсаңдар, көктегілер де сендерге мейірбандық танытады!» - дей келе, жер бетіндегі жан-жануарларға мейірбан болуымызды үйретеді[2].

Тоқ етерін айтқанда, зиянды қаңғыбас иттерді өлтіруге болады, ал өзімен-өзі жүрген, ешкімге зияны жоқ иттерді өлтірмеген абзал. Аллаһу аъләм. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Хадис: «Иттер де өз алдына бір үмбет болмағанда, оларды өлтіруді бұйырар едім. Сендер олардың қою қара түстілерін ғана өлтіріңдер (қалғанына зияны болмаса тимеңдер)...» . (Әбу Дәуід: «Сүнән», 2845; Имам Тирмизи: «Сүнән», 1489; ән-Нәсәи; Ибн Мәжә).
[2] Хадис. Абдулла ибн Амрдан жеткен. Әбу Дәуід: «Сүнән»; Имам Тирмизи: «Сүнән». Сахих.

Абдусамат Қасым