Өлген балықты жесе бола ма?
Өлген балықты жесе бола ма?
11 жыл бұрын 8934

Ассалаумағалейкум! Балық аулау мәселесін сұрайын дегем: ау салып, ертеніне ауды суырғанда кейбір әлсіз балық түрлері (мысалы көк серке) ауға түскеннен кейін көп ұзамай өледі. Соның үкімін айтсаңыздар, желінеді ме? Құрбан Елеуов

Уағалейкумсалам!
Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Бізге балық пен шегірткенің өлігі халал етілді...»[1], - дей келе балықты өлген жағдайда да жеуге болатындығын айтуда.

Бірақ, басқа бір хадисте: «...Өзенде (өзі) өліп, су бетіне қалықтағанды жемеңдер»[2], - дей келе сыртқы себептің салдарынан емес, өзімен-өзі өлген балықты жеуден тыйып отыр. Осы хадиске сүйеніп Сахаба Жәбір ибн Абдулла, Абдулла ибн Аббас, ғалым табиғин Таус жəне Әбу ханифа (Алла олардан разы болсын): «Ажалы неден болғаны белгісіз өзінен-өзі өлген балықты жеуге болмайды», - деген[3]. Өйткені қандай да бір сыртқы себепсіз өлген балық ауру болуы ықтимал.

Ал, белгілі бір себептің салдарынан өлген балықты жеуге рұқсат. Белгілі себепке мыналарды жатқызсақ болады: Ауға түсуі, толқынның жағаға шығаруы, жарақаттануы, мұзда қатуы, қармаққа түскеннен кейін сусыздықтан өлуі т.б. .

[1] Әл-Байхақи: әс-Сүнәнул Кубра – ас-сайд уәз зәбаих - 18418 хадис.
[2] Әбу Дәуід - №3815 хадис. (Ъаунул маъбуд 3815- хадис түсіндірмесі)
[3] Әл-Бахрур Раиқ: Китабуз зәбәих (әклул әрнаб) 

Абдусамат Қасым