Үй салу үшін банктен кредит алсам күнә мә?
Үй салу үшін банктен кредит алсам күнә мә?
11 жыл бұрын 29761

Ассәләмуғалейкум! Шариғатта үйі жоқ адамға үй салуға немесе нақты бір кәсіп бастауға кредит алуға бола ма? Осы сұрағыма байланысты толық жауап бересіз бе, ғалымдардың көзқарасымен?  Алла разы болсын. Бағдаулет Нұрсултан

Уағалейкумсалам!
Өсім – шариғатта харам екені мәлім. Оны Алла тағала Құран Кәрімде қатаң тыйым салған[1]. Сондай-ақ, Алла елшісі де бірнеше хадисінде өсім жеудің ауыр күнә екенін ескерткен.  Соның бірінде сахаба Жәбір былай дейді: «Алла елшісі өсім жеушіні де, жегізушіні де және (арадағы келісімді) жазушыны да, оған күәлік етушіні де лағынеттеді. Және олардың бәрі тең дәрежеде (күнәлі) екендігін айтты»[2].

Осы хадиске қарасақ тек өсім жеушіні ғана емес, оны жегізушіні де, тіпті оған ат салысушыларды да күнәға ортақ етіп тұр. Сондықтан қазіргі таңдағы Ислам ғұламалары банктен өсімге кредит алуды харам деген үкімге тоқтап отыр. Тек өте зәру, шарасыз жағдайда ғана, рұқсат. Өте зәру жағдайға тап болған кісіге кеңшілік бар. Өйткені Құран Кәрімде былай деген: «وَقَدْ فَصَّلَ لَكُمْ مَا حَرَّمَ عَلَيْكُمْ إِلَّا مَا اضْطُرِرْتُمْ إِلَيْهِ...Шын мәнінде сендерге Алла харам еткен нәрселерді ашық баян етті. Бірақ егер шарасыз болсаңдар ол басқа...»[3].

Ендігі жерде, үйі жоқ пәтер жалдап тұрып жатқан кісінің үй салуы үшін кредит алуы аятта баян етілгенідей шарасыз, зәру жағдайға кіреді ме? Осы сұраққа ғалымдар не деген екен, соған құлақ түрейік:

ХХ-ХІ ғасырларда өмір сүрген көрнекті ғалым, әйгілі фиқһшы Мустафа Зарқаның әлгіндей сұраққа берген жауабы былайша:

«...Бірақ, шындығына келсек, шарасыздыққа (зәрулікке) пәтер жалдап тұрып жатқан адамның (кредит алып), баспана иемдену құштарлығы кірмейді. Адамдардың көбі пәтер жалдап тұрады. Сондай-ақ, иелігіндегі саудасын кеңейту мақсаты да шарасыздыққа жатпайды. Қолында бар ақшасымен немесе халал жолмен пайызсыз қарыз ала алатын болса, сонымен саудасын кеңейтуі тиіс. Менің пікірім осы. Ең дұрысы - кемшіліктен пәк Алла тағалаға мәлім»[4]

Қазіргі таңдағы беделді ғұламалардың бірі, көптеген ауқымды еңбектердің авторы фиқһ білгірі Уахбәту Зухайли бұл сұраққа мынадай жауап қайырған:

«Өсімге несие беретін банктермен үй тұрғызу үшін немесе көлік сатып алу үшін (және т.б.) келісім жасасуына болмайды (несие алуына). Мейлі ол мұсылман елінде болсын, мейлі мұсылман емес елде болсын үкім осы. Бірақ өте зәру жағдайда ғана рұқсат. Мысалы: пәтер жалдап туруға мүмкіндігі болмаса немесе паналайтын басқа жер табылмаса яки несие алмаған жағдайда өмір сүру жолдары тарылып кетсе. Жалдап тұрып жатқан үйдің ақшасы несиеге беретін ақшадан аз болсын, не көп болсын үкім өзгермейді».[5] 

Әл-Әзхар университетінің ғұламаларының бірі Профессор Доқтор Мұхаммед Рa'фәт Османның пікірінше: «...Зәрулік себепті банктен өсімге кредит алып үй алу немесе үй тұрғызу тек өзге халал альтернатива болмаса ғана рұқсат... Халал алтернатива ретінде мыналарды атап өтсек болады:

1. Жалдап тұрған пәтері болса. Егер адам пәтер жалдап тұра алатындай жағдайда болса, онда несиеге үй алуына тыйым салынады.

2. Бөліп төлеуге (рассрочка) үй сатып алуға мүмкіндіктің болуы. Егер аталмыш кісі рассрочкаға үй алуды мүмкіндігі көтеретін болса, онда оның несие алуына тыйым салынады.

3. Рассрочкаға үй тұрғызуға мүмкіндіктің болуы. Егер аталмыш кісіге қажеттілігіне жарамды бір үй тұрғызудың ақысын жұмысшыларға немесе құрылыс фирмаларына  бөліп төлеу мүмкіншілігі қарастырылған болса, онда оған банктен несиеге ақша алуына болмайды...[6]».

Осы орайда Мемлекет аралық Ислам Фиқһ ұйымының 1990 жылы Жидда қаласында өткен 6 (алтыншы) отырысында қабылданған қаулылардың бірінде былай делінген:

«Баспана адам баласының негізгі қажеттілігінің бірі екені сөзсіз. Сондықтан оған шариғатқа теріс келмейтін жолдармен, халал дүниемен қол жеткізу керек. Ал, ипотекалық және тұрғын үй банктерінің ұстанған жолы, дәлірек айтсақ үстеме пайдамен несие беру жолы (мейлі аз болсын, мейлі көп болсын), ол шариғатта харам боп есептелінеді. Өйткені онда өсім бар...»[7]

Қорыта келе айтарымыз, өсім - қоғамға оның ішінде жеке басқа экономикалық тұрғыда зиян тигізумен қатар, моралды тұрғыда да тоқырауға дұшар етеді. Сондықтан болар дініміз одан қатаң тыйған.

Ендеше мұсылман кісі аса зәру, шарасыз жағдайда ғана несиеге жүгінуді ойланса болады. Одан бұрын өзге жолдарды немесе жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар болса (шариғатқа сай), соны қарастырып көргені жөн.

[1] Бақара – 278,279, 275;
[2] Сахих Муслим: Китабул Мусәқат - №1598 хадис.
[3] Әнғам сүресі – 119 аят.
[4] Фәтәуә Мустафа Зарқа – 588 бет. Екінші баспасы, Дарул қалам, Дамаск – Сирия. 2001 жыл.
[5] Проф.Доктор У.Зухайли: Фатауа муъасыра – 102 бет.
[6] Қадая фиқһия Муъасыра. 2003 жыл. 
[7] http://www.fiqhacademy.org.sa/qrarat/6-1.htm

Абдусамат Қасым