Классикалық музыкаларды тыңдауға бола ма?
Классикалық музыкаларды тыңдауға бола ма?
1 жыл бұрын 3174

Ассалямуалайкум! Классикалык музыкалар, Моцарт, Бэтховен, Чайковскийлардың туындыларын тыңдау мубах па? Яғни, ол жерде билейтін сөздер жоқ. Кәдімгі адамға ой салар, пайдасы көп. Ойлауды жақсартады. Миды дамытады. Мүлде зияны жоқ. Тыңдауға болатын шығар? Нұрнияз.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Музыка тыңдау мәселесі ерте заманнан бері келе жатқан даулы мәселенің бірі. Музыка тыңдауды «рұқсат» деушілер де, «харам» деушілер де кітаптар жазып, өз тұжырымдамалырын паш еткен. Әр екі топтың да өзіндік сүйенген дәлелдері бар. Бұл даудан - біздің заманымыздың дін ғалымдары да қалыс қалмаған. Қазіргі таңдағы ғалымдардың бірсыпырасы кейбір ән-күйлерді тыңдауға болады десе, ғалымдардың бірсыпырасы музыка әуенін тыңдауға үзілді-кесілді қарсы.

Ислам ғалымдарының ән тыңдауға қатысты білдірген тұжырымдамаларына қарай отырып, әндерді үш түрге бөліп қарауға болады:

1) Екі топтағы ғалымдардың бірауыздан «харам» деп есептейтін әндер түрі, олар - азғындық пен күнәға итермелейтін әндер.

2) Екі топтың да «рұқсат» деп есептейтін әндер түрі, олар - музыкалық аспаптарсыз орындалатын мағыналы әндер тобы.

3) Таластысы, яғни, кейбір ғалымдардың рұқсат деп, ал кейбір ғалымдардың «рұқсат емес» дейтін әндер тобы, олар - музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалған әндер  тобы1.

Әндердің үшінші түрін, яғни, музыкалық аспаптармен сүйемелденіп орындалған әндерді тыңдауға рұқсат деушілердің арасында Али Жұма, мархұм Юсуф әл-Қардауи2 (р.а.), "әл-Әзһәр" білім ордасының бұрынғы «Шейхуль Әкбәр» мәртебесіндегі ғалымы Жәдуль-Хақ3 (р.а.) сынды қазіргі ғасырда өмір сүрген дін ғалымдары бар. Бұлардың пікірінше, егер азғындық пен күнәға итермелемесе, Исламның тәлім-тәрбиесіне қайшы мазмұнда болмаса және ән-күймен қоса арақ-шарап ішу, би билеу сияқты харам істер қосыла істелмейтін болса, жанға жайлы музыканы тыңдауға болады. 

Жанға жайлы ән-күйді тыңдауды «мубах» санайтын ескілікті дін ғұламаларынан хадисші, фақиһ Ибн Хазмды (м. 994-1064 ж., р.а.) атап өтсек болады. Имам Хазмның (р.а.) ән-күй тыңдауға қатысты былай дегендігі кітаптарда келтірілген:

«Пайғамбарымыз айтқан: «Істер - ниетке байланысты. Әр адамға ниетіне қарай беріледі», деген. Сондықтан, әнді күнә іске жәрдемші болсын деп тыңдаса (яғни, күнә іске итермелейтін әндерді тыңдаса), ол адам - пасық адам... Егер әнді Аллаға деген бойсұнушылықты орындауға күштену мақсатында жанын демалдырайын деген және игі істерге өзін жігерлендірейін деген ниетпен тыңдаса, ол адам итағатшы, изгі адам, оның бұл ісі хақтан. Ал кім не бойсұнуды, не күнәні ниет етпей, жәй тыңдаса, онысы жәй ғана, күнә-сауабы жоқ, кешірімі бар, бос іс болмақ, мысалы, кісінің бақшасында серуендеп шыққаны секілді немесе есігінің алдында еркін отырғаны секілді»4.

Ғалым Ибн Хазмның айтып отырған ән түрі - біздің заманда кең етек алып бара жатқан жынойнақ әндер мен музыкалар емес екендігі айтпаса да түсінікті болар. 

Ендеше, сұрақта сұралған жанға жайлы классикалық музыкаларды, қазақтың күйлерін, қазақтың жыры мен термелерін, өмірге шабыттандырар мотивациялық әндер мен отансүйгіштікті, отбасы құндылықтарын насихаттайтын және Алла мен оның пайғамбарын мадақтайтын діни мазмұндағы өлеңдерді т.б. маңызды да, мазмұнды әндер мен ән-күйлерді орнымен тыңдаудың күнәсі жоқ. Ал, қазіргі таңда кең етек алып жатқан зина мен ішкілік сияқты мұсылманшылыққа жат дүниелерді насихаттайтын, түрлі құмарлыққа жетелейтін, мұсылманның иманын әлсіретер жынойнақ сипатындағы әндер мен музыкаларды тыңдау - харам. Аллаһу аъләм. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 

Абдусамат Қасым


1  Доктор Али Жұмға: «әл-Бәян», 337 бет.
2  Доктор Юсуф әл-Қардауи: «әл-Хәләл, уәл Харам», 261 бет.
3  Жәдуль Хақ Али Жәдуль Хақ: «әл-Фәтәуәль Исләмия», 3/28 бет.
4  Ибн Хазм: «әл-Мухаллә». Доктор Али Жұмға: «әл-Бәян», 339 бет.