Арақты «бисмиллә» деп ішкен адам кәпір бола ма?
Арақты «бисмиллә» деп ішкен адам кәпір бола ма?
1 жыл бұрын 8131

Әссәләму ъәләйкум уә рохмәтуллаһи уә бәрокәтуһ! Адам «бисмилләһ» деп айтып, арақ ішсе діннен шыға ма? Абдунұр.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Бәріңізге белгілі болғандай алкогольді ішімдіктерді ішу төл дінімізде ауыр күнә, харам іс. Оның осы дүниедегі зиянынан бөлек, ақыреттік азабы да ауыр. Ондай харам істерді «бисмилләмен» бастамайді. Арақ-шарап ішу сияқты харам істерді «бисмилламен» бастау өз алдына бөлек харам іс болмақ. Өйткені, күнә істерді «бисмилләмен» бастаудың өз алдына бөлек күнәсі бар. Ал егер арақ ішетін мұсылман аталмыш қасиетті сөзді арақ ішерде мазақ қылып айтса немесе «ештеңе етпейді» деп ол сөзге жеңіл қарап, қор көріп айтса, кәпір болып, мұсылманшылықтан шығады. 

Ханафи ғалымы Имам Тахтауи «бисмилләны» айту дегенге қатысты былай деген:

«Бисмилләны айту - кейде парыз болады, мысалы, мал сойғанда айтқаны сияқты... Мал сойғанда «бисмилләһты» толық айту шарт емес, әрі сүннеттен де емес, бізге жеткен сүннет амал бойынша, мал сойғанда «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» демек керек... Кейде бисмилләны айту «уәжіп» амал болады. Мысалы, Фәтихадан бұрын бисмилланы айту секілді, бұл - бисмилләны Фәтиха сүресінің бір аяты деп есептейтіндер бойынша, Ханафи мәзхабына теріс, дегенмен, оған байланысты келтірілген риуаяттар мен Пайғамбардың үнемі солай оқығаны - (Фәтиха сүресінің алдында бисмиллә айтудың) уәжіп екендігін білдіреді... Кейде бисмиллә айту «сүннет» болады, мысалы, дәрет аларда «бисмиллә» дегеніміздей т.б. маңызды істердің алдында айту... Кейде «бисмиллә» айту «мубах» болады, мысалы, (намазда) Фәтиха мен зәм сүренің ортасында айту т.б.... Кейде бисмилләны айту «харам» болады. Мысалы, зина жасау барысында айту, әйеліне хайыз кезінде жақындау кезінде айту, шарап ішетін кезде айту... Дұрысы - егер оны адал деп есептесе (яғни, ондай күнә істерді істейтін кезде бисмилләны айтуға болады деп есептесе) ол кәпір болады, олай есептемесе кәпір емес, бірақ тәубе жасауы керек. Және де ол сөзді жеңіл көріп (немесе мазақ қылып) айтса, ол кезде де кәпір болады...»1.

Ендеше, арақ ішу ісінің өзі харам іс, ауыр күнә. Оны «бисмиллә» деп айтып ішу екі есе күнә болады, олай еткен мұсылман арақ ішкені үшін де, оны ішерде "бисмилләны" деп айтқаны үшін де Алладан кешірім тілеп, тәубеге келуі тиіс. Ал бірақ арақ ішерде мазақ қылып немесе қор көріп "бисмиллә" деп айтса, ол кезде ол, яғни, өзін мұсылманмын деп санайтын адам тек күнәһәр ғана болмайды, кәпір болып, діннен шығады.

Алла тағала халқымызға тауфиқ берсін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Дін ислам көркейе берсін! Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!


1  «Хәшиятут Тахтәуи», 5 бет. Кітаптың кіріспесінде.

Абдусамат Қасым