Әссәләмуғалейкум! Сіздерден сұрайын дегенім: карта ойнау күнә ма? Алтынбек.
Карта ойнау күнә ма?
|
Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Аталмыш ойынды ақша тігіп ойнаудың харам екендігінде талас жоқ. Құранда «харам» етілген «мәйсир» (құмар)[1] санатына кіретіндіктен шариғатта тиым салынады.
Ал, оны, құр қызыққа ойнау – Ханафи мәзхабында "тахриман мәкруһ" болмақ (харамға жақын мәкруһ). Өйткені, ертеректегі Ханафи ғұламаларының айтуына қарағанда уақытты босқа ысырап етіп (әл-ләһу), пайдасыз әрекеттерді (әл-ғабәс) тудырар ойындар «ауыр мәкрүһ» санатында[2].
Қазіргі таңдағы дін ғалымдарының арасында бұл мәселе жайында екі ұдай пікір орын алған. Олардың бір сыпырасы карта ойнауды мүлдем харамға шығарса[3], екінші топ ғалымдар харам емес, мәкруһ болады деп есептейді. Дегенмен, оның өзіндік шарттары барын айтқан. Сол шарттар табылып жатса ғана харам болмайды. Атап айтсақ:
- Ақша тігілмеу керек. Өзара ақша тігіп ойнау – харам.
- Алланың парыз еткен бес уақыт намазын қаза етуге апармау керек.
- Ойын барысында ұрыс-керіс, боғауыз, бір-бірінің намысын таптау сияқты мұсылманшылық тәлім-тәрбиеге жат әрекеттер орын алмауы тиіс.
- Бүкіл уақытын соған арнап, одан да маңызды істерді істеуге немесе өзіне артылған міндеттемелерді орындауға кедергі жасамауы шарт.
Қорытындылай келе айтарымыз, технологияның жан-жақты дамып, көптеген жеңілдіктер туындап жатқан мына заманда бос уақытты тиымды пайдаланудың қиындап кеткендігі жасырын емес. Бұрындары қол қалт еткенде адамдар кітап оқитын болса, қазір ұялы телефонды шұқылай жөнелеміз. Ондағы ғаламтор тұңғиығына бір сүңгіп, одан қайтып шығам дегенше ет асым уақыттың қалай өтіп кеткендігін кісі байқамай қалады. Одан қала берді теледидар экранына телміретініміз тағы бар. Адамға берілген ең қымбат екі асыл бар десек, соның бірі - уақыт. Оны карта ойынына жұмсауды әбестік дер едім.
[1] Майда сүресі.
[2] Кувейт: Әл-Маусуға «әл-Ләғб», 35-том; Әл-Хидая, әл-Кәраһия – 7/236 (мұнда харам делінген); Маусули, Ихтияр- 4/139 бет; Әл-Кәсәни, Бадаиғ.
[3] Атап айтсақ: Мұстафа әл-Буға, Доктор Мұстафа хан, Шейх Мүнжід.