Жүрегім қатайып кетті. Не істеймін?
Жүрегім қатайып кетті. Не істеймін?
9 жыл бұрын 7762

Әссәләмуғалейкум! Соңғы кездері байқағаным, адамның жүрегіндегі белгілі бір күй бір орында тұра бермейді екен. Білмеймін, мүмкін ортаның, қоғамның, түрлі жаңалықтардың әсері ме, əлде шайтанның да бос жатпайтыны ма, Жаратқанның сынақтарының бірі ме, əйтеуір кешегі мен бүгінгі күй (жүректегі) танымастай өзгеріп сала береді. Кеше айналамдағы Алланың əрбір жаратылысына деген махаббаттан көңілім елжіреп жүрсе, мейірімім тасып тұрса, бүгін сол КЕРЕМЕТ күйден түк те қалмайтын күндер болатын боп жүр. Айналама деген бір қатыгездік пайда болады. Былайынша айтқанда, жек көріп кетем десем де болады. Сондай сəттерде өзіңнен жиіркеніп кетеді екенсің. Арман.

Уағалейкум ассалам, Арман! 

Мəлик ибн Динар есімді табиғин ғалым былай деген екен:

"Жүрегіңде қаттылықты, денеңде əлсіздікті жəне несібеңнің таралғанын байқасаң біліп қой: Саған қатысы жоқ дүниелерді сөз еткенсің".  

Біреуді ғайбаттауымыз, бос нәрселерді айтуымыз, өсек-аянға жақын жүруіміз, өтірік айтуымыз яки бізге қатысы жоқ дүниелерді сөз етуіміздің бәрі жүректі қатайтады.

Аталмыш ғалым тағы бір сөзінде:

«Уайымсыз жүрек қирайды. Құдды, тұрғыны жоқ үйдің қирай бастайтыны секілді», - деген екен.

Өлімді ұмытсақ, о дүниедегі жағдаймыздың не боларын пікірлемесек, Алланың алдындағы жағдайымыздың, амалдарымыз таразыға тартылып жатқандағы күйіміздің не боларын ойламасақ жүрегімізден жұмсақтық кетіп, қатая түседі. Абай атамыз айтпақшы: «Қарны тоқтыққайғысы жоқтық –аздырар адам баласын».

Сондықтан, күнделікті бір сағаттай, бір жарым сағаттай Құран оқуға уақыт айырыңыз. Тіпті, болашақта қари болуға бел буып, күнде белгілі уақыт Құран аятын жаттауға ден қойыңыз. Құран – жүректі жібітеді. Жиі Құран оқып жүрген адам дүниелік істерге қайғырмайды делінген.  

Сондай-ақ, намазға немқұрайлы қарамай ықыласпен оқуға тырысуымыз керек. Сан-саққа кеткен ойларымызды жинақтап, Ұлы Алланың алдында тұрғанымызды еске алып, біз көрмесек те ол бізді көріп тұрғанын білуіміз керек. Намаз соңындағы айтылатын таспихтарды жүрекпен, мағынасын ұғына айтыңыз. «Истиғфар» - Алладан кешірім тілеуді жиі айтып жүрген жақсы.

Құран Кәрімде:

«فَوَيْلٌ لِّلْقَاسِيَةِ قُلُوبُهُم مِّن ذِكْرِ اللَّهِ - Алланы дәріптеуден безген тас жүректерді қарғыс атсын», - дейді[1].

Жүректің қатаюының бір себебі де, Жаратушымызды еске алмауымыздан екен.

Алла тағала баршамызды өзінің сүйікті құлынан еткей!


[1] Зүмәр сүресі, 22-аят.

Абдусамат Қасым