Жабайы кептердің етін жеуге бола ма?
Жабайы кептердің етін жеуге бола ма?
5 жыл бұрын 20967

Ассаламу'алейкум! Жабайы кептердің етін жеуге бола ма? Жазықпай Саттаров. 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сахаба Абдулла ибн Аббастан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) азулы жыртқыш аңдар мен тырнақты жыртқыш құстардың етін жеуден тыйған[1]. Сондықтан да, азу тісімен аң аулайтын жыртқыш аңдар мен азығын тырнағымен бүріп аулайтын жыртқыш құстардың етін жеу – харам делінеді. Осыған қарағанда, сұңқар, бүркіт, қаршыға, үкі, жарқанат, гриф т.б. құстардың еті адал емес.

Ал, азығын шоқып жейтін жыртқыш емес құстардың көпшілігінің еті адал. Дегенмен, жыртқыш саналмағанымен еті желінбейтін жекелеген құстар да бар. Мысалы, қарғаны жеуге болмайды, сондай-ақ, бәбісек құсы мен тағанақ құсын да жеуге болмайды[2].  

Кептерлер

Жабайы кептерлер жыртқыш құстардың санатына жатпайтындықтан, оның еті адал. Өйткені, олар азығын шоқып жейді, әрі азығының көпшілігі дәнді-дақылдардан тұрады. Тек, оны жейтін кісі «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар!» деп бауыздауы ләзім. Сахаба Абдулла ибн Амрден жеткен бір риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларына:

«Кім бір шымшықты босқа өлтіріп, қақысын бермеген болса, Қиямет күні Алла Тағала одан сол жайында сұрайды», - дейді. Сонда естушілердің бірі: «Оның қақысы қандай, уа, Расулалла?» деп сұрақ қояды. «Оның қақысы – жай ғана мойнынан ұстап, кесе салмай, (әдеттегідей, жеу үшін) бауыздауың», - деп жауап береді Пайғамбарымыз[3]. Осы риуаяттан, кішкене шымшық болса да, жейтін кезде, оны бисмилламен, бауыздап жеу керектігін ұғынуға болады.

Ал, құсты қарумен атып алатын мұсылман, шүріппесін басарда «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп айтады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұған қатысты:

«Садағыңды атарда Алланың есімін тілге ал!», - деп бұйырған. Әрі қарай хадистің жалғасында: «Егер (атқаннан соң) бір күннен кейін тауып, денесінде тек садақ оғының ізін ғана көрсең, қаласаң оны же. Ал егер оны суға батып жатқанын көрсең, жеме (өйткені ол, садақтың оғынан емес, суға тұншығып өлген болуы мүмкін)», - деген[4].


[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №1934.
[2] Әбу Дәуід. Сүнән: «Алла елшісі төрт жаны барды өлтіруден тыйды. Олар: құмырсқа, ара, бәбісек құсы және тағанақ құсы». Абдулла ибн  Аббастан риуат етілген (радияллаһу анһ).
[3] Имам Ахмад: «Мүснәд; Имам Шәукәни: Нәилуль Әутор. №3628 хадис.
[4] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №1969 хадис.

Абдусамат Қасым