Иттің сүтімен қоректенген қозының еті адал ма?
Иттің сүтімен қоректенген қозының еті адал ма?
9 жыл бұрын 9810

Әссәләмуғалейкум, ұстаз! Facebook желісінде бір видеоны көрдім. Ол видеода, адамдар қозыларын иттің сүтімен қоректендіріп жатыр. Әлеуметтік желіні қолданушылардың пікірі екіге жарылды: бірі итті арам дейді, екіншісі адал дейді. Осы туралы қандай пікір айтасыздар, ит арамға жата ма? Ержан.

Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Иттің еті – арам. Тіпті, Пайғамбарымыз (с.а.у.) иттің сілекейі тиген ыдысты жеті рет жуып, біріншісін топырақпен тазалауды бұйырған. Оның үстіне, ит - жыртқыш хайуанға жатады. Ал, шариғат жыртқыш хайуандардың етін харам еткен[1]. Сондықтан да, иттің етін жеп, сүтін ішу харам.

Ендігі жерде, «оның сүтін ішкен қозы-лақтардың үкімі не болмақ? Олардың да, еті харамға айнала ма?» деп тұрсаңыз, ертеректе өмір сүрген Ханафи мәзхабының ғұламалары шошқаның сүтін емген қозы жайында былай деген:

«Ешкінің лағы шошқа сүтін еміп өссе де етін жеу мәкруһ емес. Өйткені, оның салдарынан еті өзгеріске ұшырамайды да, еті иістенбейді»[2].

Ендеше, иттің сүті қозылардың етіне әсерін тигізбесе, айталық, еттерінің өңі мен дәмі өзгеріп, бейне бір бөтен иіс пайда болып жатпаса, ол қозылардың еті адал.

Дегенмен, әсіліне келгенде, адал малға, адал хайуанның сүтін беру керек.


[1] Сахих Бухари – Китабуз забаих, №5210 хадис.
[2] Әл-Кәсәни: Бәдаиъ – Китабуз забаих. 

Абдусамат Қасым