Ит төбелестіру мен оған ақша тігудің діндегі үкімі қандай?
Ит төбелестіру мен оған ақша тігудің діндегі үкімі қандай?
5 жыл бұрын 6944

Әссәләмуғалейкум! Айтыңызшы, ит төбелестіру мен оған ақша тігу харам болып санала ма? Тарқатып түсіндірсеңіз! Сәуле

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шафиғи ғалымы Имам Нәуәуи (р.а.) былай деген:

«Хайуандарды бір-біріне айтақтап төбелестіру - харам саналады. Өйткені, Абдулла ибн Аббастан жеткен хадисте: «Хайуандарды бір-біріне айтақтап, өшіктіруден Алла елшісі тыйды»[1].

Ал, харам болуының мәнін хадисші ғалымдар былай деп түсіндіреді:

«Тыйымның себебі – құр ермекке жануарларға жапа шектіріп, оларды бостан-босқа қалжырату болып табылады»[2].

Ендеше, иттерді ермек үшін бір-біріне талаттырып қою, осылайша оларға азап шектірудің күнә екендігі даусыз. Ал, оған ақша тігу немесе өз-ара ақшаға төбелестіру – құмар ойыны болып есептеледі. Сондықтан, ол да харам[3]. Ханафи ғалымы Халил Ахмәд әс-Сәһәринфури жоғарыдағы хадиске жасаған түсіндірмесінде былай деп өткен:

«Хайуандарды төбелестіру –  еріккендік болғандықтан әрі жануарларға жапа шектіріп, олардың өліміне алып келетіндіктен тыйым салынып отыр. Бұнымен қатар, екі жақты ақша тігілетін болса, онысы құмар болмақ»[4].


[1] Имам ән-Нәуәуи: Китабуль Мәжмуъ. 6/155 бет.
[2] Мубаракфури: Тирмизідің хадис кітабының шархы. №1708 хадис түсіндірмесі.
[3] Маида сүресі, 90-91 аяттар.: «Ей иман еткендер! Арақ, құмар, пұтқа табыну, бал ашу – лас және шайтанның істерінен».
[4] Халил Ахмәд: Бәзлул Мәжхуд фи Хилли Әби Дәуід. №12/59бет.

Абдусамат Қасым