Галстук тағуға шариғат қалай қарайды?
Галстук тағуға шариғат қалай қарайды?
11 жыл бұрын 8062

Ассаламуғалайкум! Галстук тағуға байланысты Ислам дінінің  үкімі қалай? Сырым Жақсылықов

Уағалейкумуссалам, Сырым! «Галстук» сөзінің шығу төркіні нидерланды тіліндегі halsdoek немесе неміс тіліндегі Halstuch сөзідерімен байланыстырылады. Негізгі мағынасы «Мойын шәлісі» деген ұғымға саяды.

Галстук тағудың тарихы сонау көне қытай замандарынан бастау алады. Көне қытай елінде ақсүйектер мен әскерилер мойындарына галстук үлгісіне ұқсас шүберек тағатын болған. Алайда, галстуктің ер кісілердің киімі ретінде қолданысқа енуі 1635 жылдары Франция елінде басталған деседі тарихшылар.

Енді бұның шариғаттағы үкіміне келер болсақ, қазіргі ғалымдарымыздың айтуынша, галстук тағу мәселесі мұсылманның ниетіне байланысты. Егер ниеті европалықтарға ұқсау, солардың ізімен жүру мақсатында тағатын болса, галстук тағуға тыйым салынады (харам).  Ал,  тек  қоғамда етек алған үрдіс ретінде және жергілікті ер кісілердің киімі болғандықтан тағатын болса, галстукқа рұқсат етіледі[1]. Сондай-ақ, қазіргі таңда  галстук тағу тек европалықтардың емес, мұсылмандардың да дағдысына айналғандықтан бір мұсылманның галстукқа әуес болуында ешбір әбестік болмаса керек.

[1] Проф. Доктор У.Зухайли, фатауа муғасыра, 344 бет

Абдусамат Қасым