Ескі араб жазбаларында «моңғолдар» деп жазған ба, әлде «татарлар» делінген бе?
Ескі араб жазбаларында «моңғолдар» деп жазған ба, әлде «татарлар» делінген бе?
3 ай бұрын 1497

Әссәләмуғалейкум! Араб жазбаларында «моңғолдар» деп жазылған ба, әлде «татарлар» деген бе? Сағадат.

 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті Сағадат!

Біз қарастырып көрген ертеректегі араб мұсылман тарихшыларының еңбектерінде көбіне «татарлар» сөзі кездескенімен, «моңғол» сөзі де жиі ұшырасады. 

1) Мәселен, ХІІ (12) ғасырда өмір кешкен атақты Ислам ғұламасы, тарихшы, әрі тәпсірші Ибн Кәсирдің «әл-Бидая уән Ниһәя» атты өте ауқымды тарих кітабында «татар» сөзімен қоса, «моңғол» сөзін де қолданғанын көруге болады. Сол кітаптан қысқаша үзінді бере кетелік:

أَخْذُ التَّتَارِ حَلَبَ وَدِمَشْقَ وَبَيْنَمَا النَّاسُ عَلَى هَذِهِ الْحَالِ، وَقَدْ تَوَاتَرَتِ الْأَخْبَارُ بِقَصْدِ التَّتَارِ بِلَادَ الشَّامِ، إِذْ دَخَلَ جَيْشُ الْمَغُولِ صُحْبَةَ مَلِكِهِمْ هُولَاكُو، وَجَازُوا الْفُرَاتَ عَلَى جُسُورٍ عَمِلُوهَا، وَوَصَلُوا إِلَى حَلَبَ فِي ثَانِي صَفَرٍ مِنْ هَذِهِ السَّنَةِ، فَحَاصَرُوهَا سَبْعَةَ ايام

«Кейін алты жүз елу сегізінші (658 һижри) жыл кірді... Татарлардың Хәлеп пен Дамаск қалаларын алулары: Адамдардың жағдайы осы халде болып тұрғанда, Татарлардың Шам өңірін (Сирия) басып алуды көздегендері жайында нақты ақпараттар тарай бастады. Сонда Моңғол (المغول) әскерлері Хұлағу патшаларының бастауымен басып кірді. Евфрат өзенінен өздері салған көпірлерден өтіп, аталмыш жылы Сапар айының сегізінде Халеп қаласына жетті. Оны жет күн қоршады. Кейін «ешкімге тимейміз» деген келісіммен қаланы алды, алайда (уәделерінде тұрмай) опасыздық жасады. Қала тұрғындарынан көп адамды қырды, өлген адамның саны бір Аллаға мәлім. Мал-мүліктерін тонады, әйелдер мен балаларды олжалады...»1.

Өзі Дамаск қаласының тумасы болған Ибн Кәсир (р.а.) - Хұлағу ханның Халеп пен Дамаск қаласын шапқанынан 50 (елу) жылдан кейін дүниеге келген тұлға.  

2) ХІІІ (13) ғасырда өмір кешкен атақты парсы тарихшысы Ата Мәлик әл-Жуәйнидің (1226-1283 ж.) әйгілі «ТАРИХ-И ЖАХАНГУШАЙ» (Әлемді жаулаушының тарихы) атты еңбегінде «моңғол» сөзін жиі қолданған. Түпнұсқасы парсыша болған бұл еңбектің арабшаға аударылған нұсқасынан үзінді берелік (түпнұсқасынан арабшаға дәлме-дәл аударылған):

 قبائل وشعوب المغول كثيرة، إلا أن قبيلة قيات تفضل القبائل الأخرى المشهورة الآن من حيث الأصالة والعظمة. وقد كان آباء جنكزخان وأجداده سادة لهذه القبيلة ورؤساء عليها، وهم ينتسبون إليها. وكان جنكزخان يُسمى في بداية حياته باسم تيمورجين. وظل كذلك حتى استولى على ممالك ربع المسكون، وفقا لسابق التقدير، وحكم كن فيكون

«Моңғол тайпалары мен рулары көп еді. Бірақ Қият тайпасы қазір белгілі басқа тайпалардан тектілігі мен ұлылығы артық болатын. Шыңғыс ханның ата-бабалары осы тайпаның әміршілері әрі басшылары еді және олар өздерін сол тайпадан деп санайтын. Шыңғыс хан - өмірінің алғашқы жылдарында Темүржин деп аталды. Ол әлемнің қоңыстанған төртте біріне (бүкіл құрлықты) иелік еткенге дейін солай аталып жүрді - алдын ала тағдырда жазылғанға сәйкес, әрі «бол!» деген әмірдің күшімен».

3) Әлеуметтану ғылымын негізін қалаушы, тарихшы энциклопедист Ибн Халдун (1332-1406 ж) өзінің атақты «Араб және Берберлердің әрі беделді замандастарының тарихы» атты еңбегінде «Татарлар» мен «Моңғолдарды» екі бөлек тайпа ретінде таныстырады. Ғалым Ибн Халдунның «Тарих» кітабынан үзінді бере кетелік:

«وخرج على كشلي خان طائفة أخرى يعرفون بالمغل وملكه جنكزخان فشغل كشلي خان بحربهم عن خوارزم شاه

«Күшлі ханға қарсы тағы бір тайпа шықты, олар мұғул (المغل) деген атпен белгілі, ал олардың патшасы – Шыңғыс хан еді. Осы себептен Күшлі хан Хорезмшахпен соғысудың орнына, оларға қарсы (мұғулдарға қарсы) соғыспен әлек болды...»2.

Энциклопедист ғалым Ибн Халдун татарлар мен моңғолдарды екі бөлек тайпа ретінде көрсетіп, араларында шайқас болғандығын білдіріп отыр.

Татарлар кім болған?

Татарлардың өздері кім болған дегенге қатысты, қазіргі тарихшылардың кейбірі оларды «моңғол тайпаларының бірі» деп санаса да, көп тарихшылар оларды «түркі тайпасына» жатқызады. Бірақ сол заманда күшті тайпа саналатын татарлар о баста моңғолдардың өзіне үстем боп келген, бірақ кейіннен Шыңғысхан оларды өзіне бағындырып, моңғол әскерлерінің басым бөлігін татарлар құрады, сол себепті моңғол әскерлерін «татарлар» деп атау әдетке айналды деген болжам айтады. Татарларды түркілерге жатқызған ертеректегі араб тарихшыларынан дәйексөз бере кетелік:

1) Моңғол-татар шапқыншылығы заманында өмір кешкен, Шыңғысханның (1162-1227 ж.) замандасы болған атақты араб тарихшысы энциклопедист Ибн Әсир (1160-1233 ж) өзінің әйгілі тарих кітабында («Кәмил фит Тәрих») татарларды түркі тайпаларына жатқызады, ал Шыңғысханның өзін татарлардан санайды:

ذِكْرُ خُرُوجِ التَّتَرِ إِلَى تُرْكِسْتَانَ وَمَا وَرَاءَ النَّهْرِ وَمَا فَعَلُوهُ

فِي هَذِهِ السَّنَةِ ظَهَرَ التَّتَرُ إِلَى بِلَادِ الْإِسْلَامِ، وَهُمْ نَوْعٌ كَثِيرٌ مِنَ التُّرْكِ،
وَمَسَاكِنُهُمْ جِبَالُ طَمْغَاجَ مِنْ نَحْوِ الصِّينِ، وَبَيْنَهَا وَبَيْنَ بِلَادِ الْإِسْلَامِ مَا يَزِيدُ عَلَى سِتَّةِ أَشْهُرٍ. وَكَانَ السَّبَبُ فِي ظُهُورِهِمْ أَنَّ مَلِكَهُمْ، وَيُسَمَّى

بِجِنْكِزْخَانْ، الْمَعْرُوفِ بِتَمُرْجِينَ، كَانَ قَدْ فَارَقَ بِلَادَهُ وَسَارَ إِلَى نَوَاحِي تُرْكِسْتَانَ، وَسَيَّرَ جَمَاعَةً مِنَ التُّجَّارِ وَالْأَتْرَاكِ

«Татарлардың Түркістан мен Мавранахр жеріне басып кіруі және олардың істегендері жайында: Сол жылы мұсылман елдеріне қарсы Татарлар бой көрсетті. Олар (татарлар) – түркілерге жататын көпсанды халық. Олардың мекендері - Қытай маңындағы Тамғадж тау өңірі. Олардың жерінен ислам елдеріне дейінгі жол алты айдан астам уақытқа созылады. Олардың бой көрсетулерінің себебі, патшалары «Темуржин» деген атпен белгілі Шыңғысхан елінен шығып, Түркістан жаққа бет алды. Ол саудагерлер мен түріктерден құралған бір топ адамды (Отырарға) жіберді...»3.

2) Ибн Халдун (р.а.) татарларды түркі тайпаларына жатқызады, ал Шыңғысханды «моңғол» тайпаларынан санағанын жоғарыдағы сөзінен ұғуға болады:

قد تقدّم لنا ذكر التتر وأنهم من شعوب الترك وأنّ الترك كلهم ولد كومر بن يافث على الصحيح،

«Татарлар жайында алдын айтып өткен едік. Олар – түрік халықтарынан болып табылады. Түріктердің бәрі Яфастың ұлы Көмердің ұрпағы (Көмер, Гомер. Яфас Нұх пайғамбардың баласы-ауд.)»4

Қорыта айтқанда, ескі араб тарихшыларының алғашқылары моңғолдарды "татар" деп атағанымен, кейінеректегілер "моңғол" деп атағанын көруге болады. Моңғолды кей авторлар "мәғуул" десе, кей авторлар "мғл" деп жазып, созбай "муғул" деп дыбыстаған, сондай-ақ, татарларды "әт-Тәтәәр" деп "әлиф" әріпін қосып созып жазса, кейбір автор "әт-Тәтәр" деп созбай жазған, тіпті кей автор "Тотор" деп араб тіліндегі қалың "То" әріпімен жазғандығын кездестіруге болады. Ал моңғол мен татар тайпаларының бір емес, екеуі екі бөлек тайпа болғандықтарын көпшілік мойындайды. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Дайындаған Абдусамат Қасым


1 Ибн Кәсир: «әл-Бидая уән-Ниһәя» - Хижри 658 жыл болған оқиғалар. 17 том.
2Абдуррахман ибн Мұхаммед ибн Халдун (р.а.): «Ғибрат кітабы және бастау мен хабарлар жинағы: арабтар, парсылар, берберлер және оларға замандас ұлы билік иелері жайлы тарих». Араб тілінде.
3Ибн әл-Әсир (Иззуддин Әбульхасан Али ибн Мұхаммед әл-Жәзәри): «Кәмиль фит Тәрих». Хижри 628 жылғы оқиғалар. 10 том.
4Ибн Халдун, «Тарих».