Екі ер-азаматтың бір төсекте жатуларына бола ма?
Екі ер-азаматтың бір төсекте жатуларына бола ма?
3 жыл бұрын 8126

Біз студенттер үйінде тұрамыз. Бізде екі адамдық дивандар бар. Соған екі адам жатсақ бола ма?

Құрметті сауал жолдаушы, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің асыл сөзінің бірінде: «Балаларыңыз он жасқа жеткенде, төсектерін айырыңыздар» - деген[1]. Басқа бір хадис шәрифінде: «Ер адам мен ер адам жалаңаш болған күйі бір киімнің (немесе жамылғының) астында жатпасын. Сондай-ақ, әйел мен әйел жалаңаш күйі бір киімнің (немесе жамылғының) астында жатпасын»[2] - дейді. Осындай хадистерге қарай отырып, дінімізде екі ер адамның бір төсекте жатулары ұнамсыз көрілген. Бір төсекте жатқан күннің өзінде киімшең жату керек және жамылатын көрпелері екі бөлек болғаны жөн. Ал екі ер адамның (немесе екі әйел кісінің) жалаңаш түрде бір көрпенің астында жатулары харам немесе харамға жақын мәкруһ болмақ.

Осы орайда, екіден көп адам бір төсекте жатса, үкімі қалай? – деген сауал ойға оралады. Риуаяттардың бірінде, Алла елшісінің (с.а.у.) Хамза мен Жағфардың ортасында жатып ұйықтағандығы айтылған. Осы хадиске қарай отырып, хадисші ғалым Ибн Хажар әл-Асқалани: «Жамағаттың (үш не одан көп адамның) бір орында (киімшең) жатып ұйықтауларына болатындығын ұғынамыз. Және басқа риуаяттардан нақты белгілі болғандай, жамағат бір орында жатар болса, бір жамылғы астында жатпаулары шарт (жамылғылары бөлек болуы керек)» - деген екен[3]. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!                  



[1] Имам Ахмед: «Мүснәд». №6689; Әбу Дәуід: «Сүнән». №495  хадис.
[2] Хадистің толық нұсқасы: «Ер адам ер адамның ғаурат жеріне қарамасын. Әйел адам әйел адамның ғауратына қарамасын. Және ер адам мен ер адам жалаңаш күйде бір жамылғы астында жатпасын. Сондай-ақ, әйел мен әйел жалаңаш бір жамылғы астында жатпасын». Хадис. Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[3] Имам Ибн Хажар әл-Асқаләни: «Фәтхуль Бәри шарху сахихиль Бұхари». «Миғраж» бөлімі, №3887 хадис түсіндірмесі.

Абдусамат Қасым