Дінде үй мысығына кастрация жасатуға бола ма?
Дінде үй мысығына кастрация жасатуға бола ма?
2 жыл бұрын 5621

Ассаламуғалейкум! Асыл тұқымды мысықтарға стерилизация жасату жайында сұрайын деген едім. Бұл Исламда тыйым салынған ба? Ол мысықты сатып алғанда ойламаптық, пәтерде жүретін мысыққа өзіне сай жұп таппаса, болмайды екен, мысық өте мазасызданып кетеді екен.  Га Иск.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, жалпы ереже бойынша хайуанды құр бекерден кастрация жасатып, піштіру мәкруһ саналған. Бұған байланысты хадис кітаптарында мынадай риуаят кездеседі:

«Шынында Алла елшісі жанды затты қамап өлімге тәрк етуден және хайуанды піштіруден қатты тыйды»[1].  

Бірақ малдарды семірсін деген мақсатпен тарттыруға рұқсат етіледі. Өйткені Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында да халық малдарын тарттыратын болған.

Ал, мысыққа келсек, егер кастрация жасатуға қажеттілік туындап жатса, мысыққа кастрация жасатудың немесе стерилизация жасатудың ағаттығы жоқ.

Бұған байланысты ертеректегі Ханафи ғалымдарының бірі Имам Ибн Мәззә әл-Бұхари (рахимаһуллаһ) өзінің еңбегінде былай деп өткен:  

«Мысықты кастрация жасатуға келсек: ол істе пайда бар болса немесе белгілі бір зарардың алдын алу мақсатында болса, ағаттығы жоқ»[2].

Тоқ етерін айтқанда, мысыққа кастрация жасату қажет болып жатса, кастрация жасатуға болады. 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Әл-Һәйсәми: «Мәжмәъуз Зәуәид» - «Жеткізуші риуаятшылар дұрыс риуатшылар». Сахаба Абдулла ибн Аббастан жеткен.
[2] «әл-Мұхитуль Бұрһәни».

Абдусамат Қасым