Біреудің сәлемін алғанда, естірмей жауап берсе бола ма, әлде естіру керек пе?
Біреудің сәлемін алғанда, естірмей жауап берсе бола ма, әлде естіру керек пе?
1 жыл бұрын 2935

Сәлемге жауап қайтаруымыз уәжіп дейді. Жамағатқа сәлем берілсе ол кісі жауапты міндетті түрде ол еститіндей қайтарылуы қажет пе әлде іштей жамағаттан бір кісі жауап берсе де бола ма? Әлде сәлемге жауапты жария (ол еститіндей) қайтарамыз ба?

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Дінімізде мұсылманша амандасқан адамға, мұсылманша амандасып жауап беру - уәжіп. Құран Кәрімде: «Қашан сендер амандасылған болсаңдар, сендерге амандасқаннан жақсырақ сөзбен жауап беріңдер немесе оның сәлемін өзіне қайтарып айтыңдар» - деп бұйырады. Аяттағы: «жақсырақ сөзбен жауап беріңдер...» дегені - «әссәләму ғалейкум» деп айтқан кезде, «уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ» деп жауап беріңдер деген сөз. Ал «...оның айтқан сәлемін өзіне қайтарып айтыңдар...» дегені - «әссәләму ғалейкум» деген кезде, қысқаша «уағалейкум әссәләм» деп сәлемін қайтарсаңдар да болады деген сөз. 

Ал енді, естірту шарт па, әлде іштей жауап берсе жеткілікті ме? - дегенге келер болсақ, дін ғалымдары іштей жауап беруге болмайды, естіртіп жауап беру керек дейді. Мәселен, деректерді Ханафи ғалымы Бәдруддин әл-Айнидің (Алла рахымына бөлесін) мынадай сөзі келтірілген:

وَلَا يَصح الرَّد حَتَّى يسمعهُ الْمُسلم إلاَّ أَن يكون أَصمّ فَيَنْبَغِي أَن يرد عَلَيْهِ بتحريك شَفَتَيْه 

«Мұсылманның сәлеміне естіртпей жауап беруге болмайды, алайда мылқау болса, ол басқа. Мылқау адам аузын, ернін жыбырлатып жауап беруі тиіс»1

Ендеше, жамағаттың арасынан бір кісі сәлемді естіртіп алуы керек екен. Егер жамағаттың ешқайсысы жауап қатпаса, бәрі күнә арқалайды. 

Ашық күнә істеп жүрген адамның сәлемін алу жайында

Енді осы тұрғыда, ескілікті ғалымдар ашық күнә жасап жүрген кісінің сәлеміне, тәубеге келіп, дұрысталғанға шейін, жауап бермесе де болатындығын айтып өтеді немесе сәлеміне жауап берерде жай ауыз жыбырлатып жауап берсе жеткілікті деседі, ол кезде ол күнә болмайды. Мысалы, арақ ішіп жүретін адам, құмар, зина жасап жүрген адамдар, көше қаңғырып жүретін т.б. Бірақ, сәлеміне естіртіп жауап беру - оның тәубеге келуін жақындататын болса немесе одан келер әлдебір жамандықты бейтарап етер болса, ол кезде сәлеміне дауыстап жауап беруге болады. Қалай болғанда да күнәні ашық жасап жүрген адамның сәлемін алу не алмау ерікті амал болмақ, әсіресе, ол істе қайыр барын ойласа, сәлеміне жауап бергені жақсы. Кейбір сахабалар діні бөтендердің өздеріне мұсылманша амандасатын болған. Мәселен, Әбу Умама (р.а.) үлкен болсын, кіші болсын және мұсылман болсын, мейлі христиан болсын, қасынан өтіп бара жатып «әссәләму ғалейкум» деп амандасады екен. Сонда танитындар оның себебін сұрағанда, Ол (р.а.): «Біз сәлемді жаюға әмір етілдік!» деп жауап береді екен2.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1«Ъумдәтуль Қари Шарху Сахих әл-Бұхари».
2Әл-Асқалани: «Фәтхуль Бәри», №5900 хадис түсіндірмесі.

Абдусамат Қасым