"Бәледен машайық қашыпты" деген сөзді қалай түсінуге болады? "Машайық" періште ме?
"Бәледен машайық қашыпты" деген сөзді қалай түсінуге болады? "Машайық" періште ме?
7 жыл бұрын 10405

Сәлеметсіз бе! Білейін дегенім: «Бәледен машайық қашыпты» деген сөз бар ғой. Сондағы «машайық» періште ме?  Берік.

Сәлеметсіз бе!

«Машайық» араб сөзі (мәшәйых). Араб тіліндегі «шәйх» сөзінің көпше түрі[شَيْخٌ  . شُيُوخٌ . أَشْيَاخٌ  . مَشَايِخُ )[1). Қария, ақсақал деген ұғымдарды білдіреді. Көбіне данагөй ғұламаларды, әулиелерді, пірлерді «шəйх» дейді. Сіз сұрап отырған мәтелде «мәшәйық» деп, дін ғұламасы, дана, әулие кісілерді айтып отыр. "Машайық" деген періште жоқ.  

Мақалдың мәніне келер болсақ, ондағы «бәле» сөзі – ауыр сынақты білдірсе керек («бәле» де түптеп келгенде араб сөзі). Не болмаса, бәле қуған, ілік іздегіш, пәлеқор, антұрған адамдармен сөз жарыстырып, оларға бір нәрсені дәлелдеп жатудан гөрі, үндемей құтылған жақсы, тіпті одан ұзақ жүрген абзал деген ауыспалы мағынаны білдірсе керек. Осы тұрғыда әйгілі сопы, данагөй Жәләлуддин Румидің: «Надандардың жанында үнсіз кітап іспетті бол» деген өсиеті бар.  

Ал, аталмыш сөздің көпше түрінде қолданылуы (машайық) тілдік ерекшелікке қатысты. Қазақ тілінде араб тілінен кірме кейбір сөздердің көпше түріндегі нұсқасын алу қалыптасқан (мысалы, «сахаба» сөзі). Бұл жерде де сол үрдіс қайталанып отыр.


[1] Әбу Мансур әл-Әзһәри, Әбуль Қасым Замахшари сынды ғұламалардың пікірінше: "Машайық" сөзі - «шәйх» сөзінің көпше түрі боп келетін «мәшяха» сөзінің көпше түрі.  Сонда бұл (машайых) - көпше түрдің көпше түрі болып табылады. Дәл «шейх» сөзінің емес" деген олар.  Әйткенмен, түбінде бәрібір «шәйх» сөзінен  бастау алатыны анық. 

Абдусамат Қасым