Баланы қай жаста сүндетке отырғызған дұрыс?
Баланы қай жаста сүндетке отырғызған дұрыс?
9 ай бұрын 5059

Баланы 1-жаста, 3-жаста, 5-жаста сүндетке отырғызу керек деп жатады, міндетті түрде осы айтылған кездері отырғызған дұрыс па, әлде кез келген жаста бола бере ме? Сіздерге алдын ала рахмет. Сырбай Оспан. 

Әлхәмдулиллә. Уассаләту уәссәләму алә Расулиллә.

Құрметті сауал жолдаушы, мұсылмандық ғұрпында "сүндеттеу" деген ғұрып бар. Бұл ғұрып - бұрынғы пайғамбарлардан қалған сүннет амал. Кейіннен Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ол ғұрыпты жалғастырып, өзінің үмбетіне үйретті. Содан бері бүкіл исі мұсылман халық осы бір мұсылмандық ғұрпын ұрпақтан ұрпаққа жалғап келе жатыр.

Сүндетке отырудың шариғаттағы үкімі - бекітілген сүннет. Осыдан келіп «сүндет» сөзі шыққан. Қазақ халқы мұсылман дініне өткеннен кейін бұл ғұрыпты тіршілікке енгізіп, содан міне бірнеше ғасыр өтсе де қалдырмай аса маңыздылықпен атқарып келеді. Тіпті қазақ халқы «сүндетке отыру» ісін «мұсылман болу» деп түсіндірген. Сол үшін арнайы сүндет той жасау үрдісі бар.

Сүндетке отырғызудың уақыты

Сүндетке отырғызудың уақытын шариғатымыз нақты бекітпегендігін айта кету керек. Оның себебі, әр елдің менталитеті мен әдет-ғұрпын және балалардың жай-күйінің әртүрлі болып келетіндігін ескергендіктен болса керек. Және де Имам Ағзам Әбу Ханифадан да нақты пәтуа жетпеген. Сол себепті, кейінгі буын дін ғалымдарымыздың бір бөлігі баланы сүндетке отырғызу уақытын - жеті жастан он жасқа дейінгі аралық деп топшылайды. Тағы бір топ дін ғалымдары, Пайғамбарымыздың немерелерін туыла салып жетінші күні сүндеттегенін назарға алып, ең қолайлы уақыт - сәбидің жетінші күні сүндеттелгені деген пікір білдірген. Дейтұрғанмен, бұл да шарт емес.

Ендеше, асыл дініміз баланы сүндетке отырғызу уақытын белгілеуді - ата-ананың өз ықтиярына қалдырған деуге болады. Әрбір ата-ана баланың жай-күйіне қарап өздері оңтайлы деп шешкен жасында сүндетке отырғызады. Алайда баланы сүндетке отырғызуда 10 жасынан асырмаған абзал. Біздің елде баланы мектеп жасына жеткізбей 4-5 жасында сүндетке отырғызу әдеті қалыптасқан. Ең оңтайлысы да осы болса керек. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым