"Намаз оқымаған адам кәпір болмайды" дегенге дәлел бар ма?
"Намаз оқымаған адам кәпір болмайды" дегенге дәлел бар ма?
1 жыл бұрын 7243

Намаз оқымаған адам кәпір болмайды дегенге дәлел бар ма?

Әлхамдулиллә. Уассаләту уәссәләму аля Расулиллә.

Намаз оқымау - ауыр күнә. Абай атамыз айтқандай: «әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз». Имам Әбу Ханифа (рахимаһуллаһ): «Мұсылманға амал парыз. Кәпірге иман парыз. Ал, екі жүзді мұнафиққа шынайылық пен ықылас парыз» деген1. Сондықтан да, намаз оқымау Ислам дінінде ауыр күнәлардың бірі. Алайда иманы бар, Аллаға және оның Пайғамбарына сенетін мұсылман намаз оқымағаны себепті діннен шықпайды, яғни, кәпір емес. Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) басқа бір сөзінде: «Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) үмметі ішінде иман етіп, бірақ ауыр күнә жасағандардың бәрі, шындығында, мүмін-мұсылман болып табылады. Олар кәпір емес»2.

Ендігі жерде намаз оқымаған адам кәпір болмайды дегенге дәлел келтірер болсақ, Әбу Дәуідтің «сүнәнінда» мынадай бір сахих хадис келтірілген. Ол хадисте ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

خمسُ صلواتٍ افترضَهُنَّ اللَّهُ علَى عبادِهِ فمن جاءَ بِهِنَّ لم ينتقِصْ منهنَّ شيئًا استخفافًا بحقِّهنَّ فإنَّ اللَّهَ جاعلٌ لَه يومَ القيامةِ عَهْدًا أن يُدْخِلَهُ الجنَّةَ ومن جاءَ بِهِنَّ قدِ انتقَصَ منهنَّ شيئًا استخفافًا بحقِّهنَّ لم يَكُن لَه عندَ اللَّهِ عَهْدٌ إن شاءَ عذَّبَهُ وإن شاءَ غفرَ لَهُ

«Алла Тағала пенделеріне бес уақыт намазды парыз қылды. Кім ол бес уақыт намаздың бірін әдейі немқұрайлықпен кемітпесе (себепсіз қаза етпесе), сөзсіз Алла Тағала оны пейішке кіргізетіндігіне уәде береді. Ал кім ол намаздардың бірін немқұрайлық танытып кемітсе (себепсіз қаза етсе), ол үшін Алланың (пейішке кіргізем деген) уәдесі болмайды. Алла қаласа оны азаптайды, қаласа кешіреді»3.

Осы хадистегі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Алла қаласа оны азаптайды, қаласа кешіреді..» деген сөзі - намаздың парыз екендігін біле тұра жалқауланып оқымай жүрген мұсылманның кәпір емес, күнәһар болатындығын ұғындырып тұр. Егер намазға жығылмай өліп кетсе, Алла Тағала оны сол үшін азаптауы мүмкін немесе жүрегіндегі иманы себепті кешіріп, пейішке кіргізуі мүмкін. Мұндай илтипат кәпірге көрсетілмейді.

Алла Тағала баршамызға тура жол беріп, намаз оқитындардан етсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


әл-Уасия.
әл-Уәсия.
Әбу Дәуід, «Сүнән», 1158 хадис.

 

Абдусамат Қасым