Ата-ананың рұқсатынсыз қиылған неке, неке болып есептеле ме?
Ата-ананың рұқсатынсыз қиылған неке, неке болып есептеле ме?
9 ай бұрын 2865

Ханафи мәзхабы бойынша, неке қиярда қыздың акесінің рұқсаты керек пе? Неке шарттарынан көрмедім.

Әлхамдулиллә. Уәссаләту уәссәләму аля Расулиллә.

Некеде қамқоршысының рұқсаты болу талабы көбіне қызға қатысты айтылған. Сондықтан, кейбір мәзхабтарда қамқоршысының рұқсатынсыз қиылған неке, неке болып саналмайды. 

Бірақ, Ханафи мәзхабы бойынша, кәмілет жасқа толған және адам тани алатын есті қыз, егер ата-анасының рұқсатынсыз өзінің теңімен некелескен болса, некелері дұрыс болып саналады.

Ал қыз кәмілет жасқа толмаған болса немесе кәмілет жасқа толғанымен аңғал, алданғыш қыз болса, Имам Мұхаммедтің (рахимаһуллаһ) тұжырымы негізінде айтқанда неке - «мәуқуф неке» үкімінде болып, заңды күшіне енуі үшін қыздың әкесінің рұқсатына байланысты, әкесі рұқсат берсе, неке есептеледі, рұқсат бермесе, есептелмейді1. 

Сондай-ақ, жігіт қыздың теңі болуы маңызды. Сондықтан да жоғарыда «теңімен некелескен болса...» деп айтып өттік. Егер, кәмілет жастағы қыздың некелескен жігіті теңі болмаса, неке есептеле береді, бірақ, әкесі қарсы шығып, некенің бұзылуын талап ете алады, не болмаса, батасын беріп, разылық танытам десе де өз еркі2, дегенмен, мұндай кезде, болары болып, бояуы сіңіп қойғандай болса, ол кезде әкесінің рұқсаты қаралмайды, неке дұрыс.


1Негізінде Имам Мұхаммед (рахимаһуллаһ) бойынша «қай жағдайда да неке - әкенің рұқсатымен қиылған болу керек», егер неке әкенің рұқсатынсыз қиылса, ол неке «мәуқуф неке» үкімінде болмақ, яғни, некенің заңды күшіне енуі әкенің рұқсатына байланысты деген сөз. (Имам Сарахси, «әл-Мәбсут», 5|10 бет).
2Имам Сарахси, «әл-Мәбсут», 5\10 бет.

Абдусамат Қасым