Әртүрлі тақырыпқа қатысты үш сұрақ
Әртүрлі тақырыпқа қатысты үш сұрақ
4 жыл бұрын 5159

- Зинадан туылған бала тозаққа кіреді дейді кей молдалар. Сол дұрыс па?

- Некесіз туған бала тозаққа кіреді деген қағида жоқ. Тозаққа кіру-кірмеуі алдағы өмірінде істеген амалына байланысты. Егер, өмірден иманды, харамнан ұзақ жүретін мұсылман болып өтсе, Алла қаласа, пейішке кіреді. Оған некесіз туылған болуы кедергі емес. Құранда: «Ешбір күнәһар басқа біреудің күнәсін көтермейді» делінген. («Фатыр» сүресі, 18 аят).

- Дүниеден өткен адамның есімін қайталап қоюға бола ма?  

- Бақилық болған туысының есімін жаңа туған балаға қоюдың зияны жоқ. Мысалы, көп адам бұрын дүние салған атақты кісілердің есімдерін ырымдап балаларына қойып жатады. Сол сияқты, қайтыс болған туысының да есімін жаңа туған балаға қойса, одан балаға келіп-кетер зиян болмайды. Әйтсе де, басқа есім қоямын десе де өз еркі.

- Әйел кісілер түнде жатарда немесе ауыз ашқаннан кейін «свеча» салып, кейін сәресіге тұрып ауыз бекіте берсе бола ма?  

- Болады. Свечаны күндіз ауыз бекітулі кезде салса, оразаны бұзу қауіпі бар. Ал, өзіңіз айтпақшы, түнде жатарда салса немесе ауыз ашқаннан кейін салса, тіпті сәресі уақытында ауыз бекітпей тұрып салса, оразасына тигізер зияны жоқ.

Абдусамат Қасым