Бір рәкәғатта бірнеше қысқа сүре оқудың зияны бар ма?
Бір рәкәғатта бірнеше қысқа сүре оқудың зияны бар ма?
1 ай бұрын 3386

Әссаләмуалейкум! Намазда бір рәкәғатта бірнеше қысқа сүрелерді бірден оқуға бола ма? Сосын, Құран сүрелерін Құран кітабынан емес, телефоннан қарап қайталап оқу үшін дәрет алу кажет па? Қайсар.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намаздың бір рәкәғатында екі-үш сүрені қатарынан оқудың зияны жоқ. Пайғамбарымыз (с.а.у.) кейде намаздың бір рәкәғатында көлемі жағынан бір-біріне жақын екі сүрені қосып оқитын кездері болған[1]. Мысалы, бір рәкәғатта «Рахман» сүресі мен «Нәжім» сүресін қосып оқыса, тағы бір рәкәғатта «Қамар» сүресі мен «Хаққа» сүресін қосып оқитын. Сондай-ақ, «Тур» сүресі мен «Зәриятты», «Уақиға» мен «Қаламды», «Маъариж» бен «Назиғатты», «Мутаффифин» мен «Абасаны», «Муддасир» мен «Музаммилді», «Инсан» мен «Қияметті», «Нәбә» мен «Мүрсалатты», «Дұхан» мен «Тәкуирді» қосып оқитын кездері болған екен. Бұл сүрелер көлемі жағынан бір-біріне жақын болғандықтан «Назаир» деп аталған[2].  

Екінші саулыңызға орай айтарымыз, Құранды ұялы телефоннан немесе компьютерден т.б. электронды құралдар арқылы оқитын кезде, дәретті болу шарт емес, дәретсіз де оқи беруге болады, бірақ ғұсылы болған болуы ләзім.


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». Абдулла ибн Мәсъудтан р.а. риуаят етілген.
[2] Әбу Дәуід: «Сүнен».

Абдусамат Қасым