Арақ ішпесе де, стакан соғыстыру күнә ма?
Арақ ішпесе де, стакан соғыстыру күнә ма?
12 ай бұрын 4609

Ассалаумағалейкум! Достардың арасында отырамыз, өзім ішпесем де, жолдастарым ішеді. Сонда мен сок не су ішемін, бірақ соғыстырғанда мен де соғыстырамын. Соным күнә бола ма? Есімім анон болсыншы.

Бисмилләһир рахманир рахим.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, достарыңызмен қарым-қатынас үзбеген жақсы, бірақ, арақ ішетін ортада отырудан да дініміз тыйяды. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің асыл сөздерінің бірінде былай деген болатын: «Кім Аллаға және қайта тірілер күніне иман еткен болса, шарап ішіліп отырған дастарханға отырмасын!»1.

Ал енді өзіңіз арақ ішпесеңіз де, жай ғана стакан соғыстырсаңыз күнә бола ма?

Арақ ішпесеңіз де, бірақ стакан соғыстырсаңыз күнә болады, өйткені, бұл харам іске еліктеу болып саналады.

Осыған ұқсас ескілікті Ханафи фиқһ кітаптарында мынадай бір үкім орын алған, онда ғалымдарымыз былай деген: «Бір мұсылман адам суды шарап деп елестетіп ішсе, ол оған харам болады»2.

Осы үкімде су ішкенде, оны шарап деп елестетіп ішудің күнә екендігін айтып отыр. Сондықтан да, ішінде құр ғана су құйылған стаканды, өзге арақ құйылған стакандарға соғыстырып ішудің де белгілі дәрежеде күнә болатындығын ұғыну қиын емес.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


1  Имам Ахмед: «Мүснәд», хадистер жинағы.
2   فِيمَنْ أَخَذَ كُوزًا يَشْرَبُ مِنْهُ فَتَصَوَّرَ بَيْنَ عَيْنَيْهِ أَنَّهُ خَمْرٌ فَشَرِبَهُ أَنَّ ذَلِكَ الْمَاءَ يَصِيرُ حَرَامًا عَلَيْهِ (Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр»).

Абдусамат Қасым