1 мамыр мейрамының дінде орны бар ма?
1 мамыр мейрамының дінде орны бар ма?
9 жыл бұрын 7302

Әссәләмуғалейкум, сайт ұжымы! Сіздердің порталдарыңыздан көкейдегі сұрақтарымызға тұшымды жауап таба аламыз. Алла сіздерге разы болсын! Қойғым келген сауалым: 1 мамыр мейрамын атап өтудің шариғаттағы орнын діни тұрғыдан айқындап берсеңіздер! Өйткені, кейбір кісілер мұндай мейрам "дінде жоқ" деген желеумен, оған қарсы шығуда. Алдын ала рақмет!

Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, Қасиетті Құранда құдіреті күшті Жаратушы Иеміз былай дейді:

«Ей, адамдар! Біз сендерді бір еркек, бір әйелден жараттық (Адам ата мен Хауа анадан). Және, бір-біріңмен таныссын деп, сендерді ұлттар, тайпалар қылдық (немесе: әртүрлі ұлттарға, тайпаларға бөлдік). Сөзсіз, Алланың қасында ең ардақтыларың – ең тақуаларың. Шынында Алла барлық нәрсені білуші, әр нәрседен хабардар»[1].

Сондай-ақ, Құран Кәрімнің басқа бір аятында былай делінеді:

«Дін үшін сендермен соғыспағандарға және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық жасап, әділдік етулеріңе Алла тыйым салмайды»[2].

Аталмыш қос аятқа қарасақ, жер бетінде өмір кешіп жатқан түрлі ұлт өкілдері мен дін өкілдері арасында достық пен бауырмалдықтың, ынтымақ пен бірліктің туын желбірету – Жаратушымыздың қалауы екендігін оңай аңғаруға болады. 

Оның үстіне, қандай да бір қоғамның өркендеп, дамуы үшін сол қоғамда алдымен: тыныштық, ынтымақ, бірлік қажет екендігін айтпасақ та белгілі.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында болсын, одан кейінгі уақыттардағы мұсылмандардың әлемді билеп тұрған шағында болсын, мұсылмандар адамдарды діни ұстанымына яки ұлтына қарай алалаған емес. Алла елшісі өзінің қоштасу құтпасында: «Уа, адамдар! Алла – жалғыз. Бәріміз Адам атаның ұрпағымыз. Ал Адам топырақтан жаратылған. Алла назарында құрметке лайық жан – Одан ең көп қорқатын адам. Арабтың араб емеске үстемдігі жоқ. Адамдар бір-бірінен тақуа дәрежесіне қарай үстем бола алады» - деген болатын.

Ендеше, төл дініміз Ислам дінінде адамдар арасындағы бауырмалдықты, достықты сақтау - негіз.  

Әрине, шариғи мейрам екеу: Ораза айт және Құрбан айт. Одан басқа мейрамдарға діни статус берілмейді. Әйткенмен, əлдебір елде қоғамның өркендеуі үшін аса маңызды фактор ретінде есептелетін халықтар бірлігіне, әртүрлі ұлттар достығына бір күнді арнап, сол күнді ресми түрде атап өтер болса, оның шариғатқа қайшы келер тұсы жоқ деген ойдамын. Мұндағы мақсат – оның маңыздылығына, қоғамдағы айрықша мәртебесіне, құндылығына назар аударту болып табылады. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Хужурат сүресі – 13 аят.
[2] Мүмтәхина – 8 аят.

Абдусамат Қасым