Зинадан (ойнас) көтерген баланы алдырып тастау да күнә ма?
Зинадан (ойнас) көтерген баланы алдырып тастау да күнә ма?
5 жыл бұрын 23008

Зинадан көтеріп қойған баланы алдыртып тастау да күнә ма? Анон.

Ардақты Пайғамбарымыздың заманында «Ғаамид» руынан бір әйел зина жасап, жүкті болып қалады. Әйел өзі пайғамбарға келіп, тазартуын сұрайды (яғни, шариғат жолымен жазалануын). Алғашында Пайғамбарымыз оған «бар, тәубе етіп, Алладан кешірім тіле» деп, өтінішін қабыл етпейді. Бірақ, әйел жүкті болып қалғанын айтқаннан соң, Алла елшісі босанғаннан кейін келуін бұйырады. Арадан уақыт өтіп, әлгі әйел босанады. Жаңа туған баланың емізілуін, бағып-қағылуын ансарлар ішінен бір сахаба өз мойнына алады. Ақырында әйел шариғат бойынша жазаланады[1].

Осы хадистен де байқағанымыздай, Пайғамбарымыз зинадан біткен баланы алдырып тастауға немесе туылмай жатып әйелдің өтінішін орындауға рұқсат бермеді. Керісінше, іштегі баланың аман-есен дүниеге келуін күттірді. Өйткені, зинадан біткен баланың бұл жағдайда еш күнәсі жоқ. Ол да Алланың жұмыр басты пендесі. Оның өмір сүру құқын шектеуге ешкімнің қақысы жоқ.

Ендеше, бойға біткен күннен бастап есептегенде жатырдағы шақалаққа 40 күн толған болса, түсік жасату – харам. Осы орайда, оның қай жолмен пайда болғаны ескерілмейді. 

Аталмыш мерзімнен кейін (40-120 күн аралығында) тек мына екі жағдайда ғана түсік жасатуға рұқсат етіледі:

  • Бала көтеру ананың ден-саулығына елеулі зардап алып келетіндігі білікті дәрігерлер тарапынан анықталып, сол зардап босанғаннан кейін де жалғасын табатындығы нақтыланса
  • Немесе іштегі баланың жазылуы неғайбыл кемтар болып туылатындығы білікті дәрігерлер тарапынан нақтыланған болса
Абортқа қатысты толық мәліметті мына сілтемеге кіріп оқи аласыз: http://islam.kz/kk/questions/meditsina/qandai-jagdaida-sharigat-tusik-abort-jasatuga-ruqsat-beredi-472/#gsc.tab=0 

[1] Сахих Мүслим – Китабуль худуд, №3213

Абдусамат Қасым