Түсінде бақилық болған жақынын көрсе, не болады?
Түсінде бақилық болған жақынын көрсе, не болады?
4 жыл бұрын 425273

Түсіне бақилық болып кеткен туыс адам кірсе, ол нені білдіреді?

Құрметті сауал жолдаушы, қазақ халқында түсіне қайтыс болған жақыны кірсе: «құран дәметіп жүрген шығар» - деп, әруағына Құран бағыштап, атынан жеті шелпек таратып жатады. Сондықтан да, бақилық болып кеткен жақыныңыз түсіңізге кірген жағдайда, Құран оқып бағыштап, шама-шарқыңызша мархұмның атынан садақа берсеңіз артық болмайды.

«Мұсылманша түс жору» тақырыбы төңірегінде жазылған кітаптарда өлген адамның түске кіруін ескілікті ғұламаларымыз әртүрлі жорыған. Солардың біршамасын бере кетелік:

  1. Түсінде қайтыс болған адамның тірі екендігін көрсе, бұл – оның ісінің жақсара бастайтындығының және күтпеген жерден қиындықтан кейін жеңілдік болатындығының белгісі.
  2. Түсінде қайтыс болған адаммен бірге ас ішкенін көрсе, өмірі ұзақ болады.  
  3. Түсінде басшының өлгенін көрсе, бұл – ол басшының орнынан түсетіндігінің белгісі.
  4. Түсінде өлген адаммен сөйлескен болса, ұзақ өмір сүретіндігінің белгісі және бұл әлдекімдермен талас-тартысқа түсіп, одан жеңіп шығатындығына да ишара болуы мүмкін.
  5. Түсіне бұрын жақсы таныған кісісі кіріп өзінің өлмегендігін айтқан болса, бұл – оның (өлген кісінің) ақыреттегі жағдайының жақсы екендігін білдіреді.
  6. Түсінде өлген кісінің үстіне жасыл киім киіп алғандығын көрсе, бұл – оның шейіттік өліммен өлгендігін көрсетеді, сондай-ақ, о дүниедегі жағдайының да жақсы екендігін білдірмек.
  7. Түсінде қайтыс болған адамның күлгенін көрсе, бұл – оның Алланың кешіріміне қол жеткізгендігінің белгісі.
  8. Түсінде өлген кісінің жүзі жарқын, қуанышты екенін көрсе, оған бағышталған жақсылық жетіп, соған риза екендігінің белгісі.
  9. Егер, бір өлген кісі одан жүзін бұрып, оған ұрысып жатқандығын көрсе, онда бұл үлкен күнә жасағандығына ишара (тәубе етуі тиіс).
  10. Түсінде қайтыс болып кеткен атасының немесе әжесінің тірі екендіктерін көрсе, бұл – өмірінің бақытты да, баянды боларына ишара.
  11. Түсінде қайтыс болып кеткен әкесінің немесе анасының тірі екендіктерін көрсе, басына түскен қайғыдан арылып, үлкен қуанышқа кенелетіндігіне ишара.
  12. Түсінде қайтыс болып кеткен ағасының тірі екендігін көрсе, әлсіздіктен кейін қуаттанатындығының белгісі.
  13. Түсінде қайтыс болған баласын көрген болса, әлдебір дұшпанынан құтылатындығына ишара.
  14. Түсінде қайтыс болған адамның оған сәлем бергенін көрсе, Алланың құзырында мархұмның жағдайының жақсы екендігінің көрсетеді.
  15. Түсінде қайтыс болып кеткен кісінің байып кеткендігін көрсе, мархұмның ақыреттегі жағдайы жақсы екендігінің белгісі.
  16.  Түсінде өлген адамды тірілткен болса, бұл – оның арқасында яһуди немесе христиан дініндегі бір адамның мұсылман болатындығына, яки, теріс жолда жүрген бір мұсылманның дұрыс жолға түсуіне себепкер болатындығына ишара.
  17. Түсінде қайтыс болған адамның оған тағам бергенін көрсе, адал ризыққа қол жеткізетіндігіне ишара.
  18. Түсінде қайтыс болған адамның оған ескі киімін немесе кір киімін бергенін көрсе, тұрмысы тарығатындығына ишара.
  19. Анасының қайтыс болғандығын көрсе, тұрмысы тарығып, жағдайы нашарлайтындығына ишара.
  20. Бір ғалымның қайтыс болғандығын көрсе, бұл – сол аймақта дін мен ғылымның әлсірегендігін білдіреді.
  21. Түсінде қайтыс болған бір адамның оны жақсы көріп құшақтап жатқандығын көрсе, ұзақ өмір сүретіндігіне ишара.
  22. Түсінде қайтысы болып кеткен танитын адамымен үйленгенін көрсе, қалағанына қол жеткізетіндігіне, бірақ,кейіннен ол нәрсеге өкінетіндігіне ишара.
  23. Түсінде қайтыс болып кеткен кісінің әлдебір жақсы істі істеп жатқандығын көрсе, бұл – оны сол істі істеуге талпындырғаны.
  24. Түсінде қайтыс болып кеткен кісінің бір жаман істі істеп жатқанын көрсе, бұл – оны сол істі істеуден қайтарғаны.
  25. Түсінде қайтыс болған адамды мойнына салып көтергенін көрсе, мол табыс пен байлыққа қол жеткізетіндігіне ишара.
  26. Түсінде қайтыс болған адаммен жолдас болса, үлкен табысқа қол жеткізер ұзақ сапарға шығатындығына ишара.
  27. Түсінде қайтыс болып, кейін қайта тірілгенін көрсе, бұл – күнә жасап, бірақ, артынан тәубеге келетіндігін білдіреді.
  28. Түсінде қайтыс болып, жерде тыржалаңаш жатқандығын көрсе, кедейлігіне ишара. Кілемнің үстінде жатқандығын көрсе, дүниенің кеңшілігін білдіреді. Төсекте жатқандығын көрсе, дәрежесі көтерілетіндігіне ишара.
  29. Түсінде бір өлген адамның денесін тапқан болса, өңінде мал табады[1].

[1] Ибн Сирин: "Тәфсируль Ахләм" – әл-Мәут.

Абдусамат Қасым