Пайғамбардың (с.а.у.) рухына Құран бағыштауға бола ма?...
Пайғамбардың (с.а.у.) рухына Құран бағыштауға бола ма?...
4 жыл бұрын 10786

Ассаламуалейкум!Құран оқығанда сауабын Пайғамбар (с.ғ.с) рухына бағыштасақ бола ма? Алтынбек Байкеев.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сұрақ сұраушы, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) рухына Құран бағыштау үрдісі сахабалар заманында болмағандығына қарап, оны ағаттық санайтындар болуы мүмкін.

Десе де, сахих риуаяттарда Әзіреті Әлидің Пайғамбарымыздың (с.а.у.) атынан Құрбан шалғандығына қарап, істеген ізгі істердің сауабын Алла елшісінің әруағына бағыштаса әбестігі жоқ екендігін байқау қиын емес. Құран оқу да сауапты амал.

Оның үстіне Пайғамбарымыздың (с.а.у.): 

"اقرأوا على موتاكم يس"

«Өлілеріңе «Ясин» сүресін оқыңдар!»

- деген[1] хадисіндегі «Өлілеріңе» деген сөзі жалпылама айтылып тұрғандықтан, Алла елшісін де қамтып тұр деуге болады.

Асылында, мұсылмандардың пайғамбар хадистерінен шабыттанып істеген әрбір игі істері үшін, Алла елшісіне (с.а.у.) де сауабы барып тұратындығы даусыз. Өйткені, кім бір жақсы іске жол көрсетсе, ол да істеушінің сауабындай сауап алады делінген. (Хадис).

Қорыта айтқанда, Пайғамбар ғалейһиссаләту уә сәлләмның «рух-ы шәрифіне» (әруағына) Құран оқып бағыштап жатсаңыз, оныңыз күнә емес.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Имам Ахмад: «Мүснәд»; Имам Әбу Дәуід: «Сүнән»; Ибн Мәжә: «Сүнән». («Әлсіз» хадис деп баға берген хадисшілер бар).

 

Абдусамат Қасым