Жатын бөлмеде айна тұрса, періште кірмейді деген сөз рас па?
Жатын бөлмеде айна тұрса, періште кірмейді деген сөз рас па?
4 жыл бұрын 24285

Ассалаумугалейкум! Жатын бөлмеде айна ілініп тұрса, періштелер ол бөлмеге кірмейді деген сөз рас па?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, жатын бөлмеде болсын, үйдің басқа жерінде болсын, айнаның ілініп тұруы – періштелердің кіруіне кедергі емес. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз хадисінде, сурет бар үйге, ит бар үйге және ғұсыл құйынбаған адам бар үйге періште кірмейтіндігін айтқан[1]. Алайда, айна бұлардың қатарына жатпайды.

Мұндай пікір қайдан туындаған?

Айна тұрса періште кірмейді деген сөздің астарында: "айнада көрінген адамның бейнесі де сурет іспетті, сондықтан, сурет тұрған жерге періште кірмейтіні сияқты, айна тұрған бөлмеге де періште кірмейді" деген пікір жатса керек. Мұндай пікір шындыққа жанаспайды. Айнада көрінген бейнені суретпен тең көру қисынсыз.

Немесе мұндай пікір, кейбір ұлттардың сенімінен әсерленіп туындаған болуы да мүмкін. Мысалы, феншуй философиясында: «Жатын бөлмеде айна тұрса, ұйықтап жатқан адамның оңтайлы энергиясын ұрлап алады» дегенге сенеді. Сол себепті, олардың пайымынша жатын бөлмеге айна қоймау керек екен. Бұндай сенім де негізсіз.

Қорыта айтқанда, Ислам дінінде айнаны қолдануға да, үйдің қалаған жеріне іліп қоюға да болады. Үкімі - мубах (рұқсат). Алла елшісі (с.а.у.) айнаға қарайтын. Тіпті, Пайғамбарымыз айнаға қарағанда оқылатын арнайы дұғасын да үйреткен[2]. Ал, айна тұрған бөлмеге періште кірмейді деген сөздің негізі жоқ. 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Ән-Нәсәи: №-261 хадис: «Сурет, ит және жүніп болған адам бар үйге періштелер кірмейді»Хадистегі «жүніп» сөзі, намаз оқымай ғұсылсыз жүре беретін адамға қатысты айтылған.
[2] Имам Ахмед: «әл-Мүснәд»: «Аллаһумма кәмә хәссәнтә холқии, фәхәссин хүлуқии». Мағынасы: «Аллаһым, жаратылысымды көркем еткеніңдей, әдебімді де көркем еткейсің».

 

 

Абдусамат Қасым