Тозақтағылар қай тілде сөйлеседі?
Тозақтағылар қай тілде сөйлеседі?
2 жыл бұрын 2859

Ассаләмуғалейкум! Тозақта қолданатын тіл қай тіл болады?

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Тозақта қай тілде сөйлесетіндігі жайында нақты хадис жетпеген. Сахабалардың ол жайында айтқан мәлімдемесі де кездеспейді. Сол себепті, әркім әртүрлі айтқан. Біреулер тозақтың тілі парсы тілі десе, тағы біреулер ескі сурияни тіл деп болжайды. Тозақта да, пейіште де араб тілінде сөйлетін болады дейтіндер де жоқ емес.

Ендеше, о дүниеде қай тілде сөйлесетіні нақты емес. Ислам ғалыми Ибн Хазм айтқандай, қиямет күні адамдар осы дүниеде сөйлесіп жүрген тілдердің бірін қолдануы мүмкін немесе бұл дүниедегі ешбір халықтың тілі қолданбай, бәріне ортақ бейнебір тіл пайда болуы мүмкін, не болмаса, әр ұлт өз тілінде сөйлеуі де ғажап емес.

Пейіштегілердің де тілі сұралып жатады. Пейіштің тілі араб тілі болатындығына қатысты әлсіз риуаяттар жеткен. Алайда ондай риуаяттар тым әлсіз болғандықтан, ғалымдар пейіштің тілі араб тілі дегенге күмәнмен қарайды.

Қалай болғанда да тозақ пен пейіште адамдар бір-бірін түсінетін тілде сөйлесетіндіктері анық. Өйткені Құранда тозақ иелері де, жәннәттағылар да бір-бірлерімен диалог құрып сөйлесетіндіктері білдірілген. Сондай аяттың бірінде пейіштегілер мен тозақтағылардың мынадай бір диалогы баяндалады: 

««Жәннәттағылар күнаһарлардан сұрайды: «Сендерді тозаққа кіргізген не нәрсе?» - деп. Олар: «Біз намаз оқушылардан емес едік. Және міскіндерді тамақтандырмайтынбыз. Сондай-ақ, адасушылармен бірге адасып жүре бердік. Біз дін күнін (есеп-қисап, ақырет күнін) өтіріксіндік. Осылай өлім келгенге дейін жалғасты»(, - деп жауап береді олар)»1.

Басқа бір аятты: 

«Олар біздің алдымызға келген шақта (өз досына): «Әттең, екеуіміздің арамызда шығыс пен батыстай алшақтық неге болмады екен? Сен қандай ғана жаман жолдас едің!, - дейтін болады. «(Енді өкін, өкінбе) Ол сендерге ешқандай пайда бермейді. Өйткені сендер сол уақытта зұлымдық істегенсіңдер, енді азапты да бірге тартыңдар», - делінеді оларға»2.

Осы сияқты аяттардан тозақтағылардың бір-бірін түсінетін бейнебір тілде сөйлесетіндіктерін байқаймыз. Бірақ қай тілде екендігі нақты емес.

Алла Тағала тозақ иелерінен болып қалудан сақтасын! Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин! 


 1 Құран Кәрім: "Мүддәсір" сүресі, 40-47 аяттар. 
2 "Зухруф" сүресі, 36-39 аяттар. 

Абдусамат Қасым