Сиқыр мен Дуа жасаған адам кәпір бола ма?
Сиқыр мен Дуа жасаған адам кәпір бола ма?
11 ай бұрын 2986

Ассаламулейкум! Сихр жасаса діннен шыға ма?

Бисмилләһир рахманир рахим.

Сиқыр мен дуа жасау дінімізде үлкен күнә болып саналады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) "Апатқа ұшыратар жеті нәрседен қашыңдар!" – деген еді, соның бірі “сиқыр мен дуа” болып табылады[1]. Осыдан да оның ауыр күнә екендігін ұғуға болады. Сиқыр мен дуаның адамдарға зардабы көп болғандықтан, әрідесе дуашылар мен жадыгөйлер азғын жын-шайтандардың көмегіне жүгініп, адамдарға түрлі залал туғызатындықтан Исламда харам саналып, қатаң тыйым салынды.

Ал енді сиқыр мен дуа жасаушы кісілер кәпір ме, әлде күнәһар мұсылман ба? – дегенге қатысты Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахимаһуллаһ) “сиқыршылар мен дуашылар кәпір саналады және тәубе етуі талап етілместен өлім жазасына кесіледі” деген. Имам Ағзамның және Ханафи мәзхабында, егер жадыгөйлікпен айналысушы адам сиқыршы екендігін мойындаса, өлім жазасына кесіледі, мейлі мұсылман сиқыршы болсын, мейлі өзге дін өкілі болсын. Бұған қатысты Ханафи фиқһ кітаптарында мынадай мәліметтер орын алған: 

“Жадыгөйлік – харам. Оның харам екендігінде ілім иелері арасында дау жоқ, сиқыр жасаудың рұқсат екендігіне сену (яғни, харамдығын жоққа шығару) – күпірлік”[2].

“Ханафи ғалымдары бойынша және Имам Мәлік пен Имам Ахмед бойынша, сиқыршы адам сиқыр үйреткені үшін және сиқыр жасағаны үшін кәпір болады, мейлі ол сиқырдың харамдығын (күнә екендігін) мойындаған болсын, мейлі мойындамаған болсын үкім сол (кәпір) және ол өлім жазасына кесіледі[3]. (Оған байланысты хадисте: “Сиқыршының шариғи жазасы – қылышпен шабу” делінген)”.  

Мәзхаб Имамдарының жадыгөйге қатысты берген үкімдері қысқаша төмендегідей:

1) Имам Ағзам Әбу Ханифа бойынша жадыгөй (сиқыршы) кәпір болады және оның жазасы өлім.

2) Имам Шәфиғи бойынша сиқырдың харамдығын жоққа шығармаса, кәпір болмайды, өлім жазасына кесілмейді, харамдығын жоққа шығарса кәпір болады.

3) Имам Мәлік бойынша сиқыршы кәпір болады және мұсылман сиқыршы өлім жазасына кесіледі. Алайда, мұсылман емес Әһли китаптан болған сиқыршы өлім жазасына кесілмейді.

4) Имам Ахмед бойынша, жадыгөй кәпір болып, діннен шығады және өлім жазасына кесіледі, бірақ Әһли китаптан болған сиқыршы мұсылмандарға залалын тигізбейінше өлім жазасына кесілмейді[4]. 

Қорыта айтқанда, сиқыр жасап, жадыгөйлікпен айналысатын дуашы кісі мұсылмандықтан шығып, кәпір болады екен және сиқырлығы анықталса адамдардан залалын бертарап ету үшін қазы оны өлім жазасына кесуі мүмкін, ал о дүниеде барар жері - мәңгі тозақ. Осы тұрғыда, фокус көрсететін өнершіні де “сиқыршы” деп атайтындығы мәлім, сондықтан да “фокусты” жадыгөйліктен бөлек қараған дұрыс. Фокус қолдың ептілігімен жасалатындықтан, мұсылман фокусшы кәпір болмайды. Біздің айтып отырғанымыз, түрлі жын-шайтандардың көмегімен адамдарды дуалап, зиян тигізуші дуашы, сиқыршы жадылар хақында.

Сөз соңында "Бақара" сүресінің 102 аятынан үзінді бере өтелік:

“Сүлейменнің (ғ.с.) патшалығы кезінде олар шайтандар оқитын сиқырға ерді. Сүлеймен кәпір емес еді (яғни, сиқырмен айналыспайтын). Бірақ шайтандар, адамдарға сиқыр үйретіп, кәпір болды. Олар Бәбилде (Вавилон) Харуд және Маруд атты екі періштеге түсірілгенді үйретті. Ол екі періште: «Біз – сынақпыз. Кәпір болма», – деп айтпайынша ешкімге үйретпейтін....” “...Олар өздеріне зиян келтіретін, пайда бермейтін нәрсені үйренетін еді. Расында олар оны айырбастап алғанға (Алланың кітабының орнына сиқыр үйренгенге) ақиретте несібе жоқтығын білді. Олар, өздеріне нендей жаман нәрсе сатып алғандықтарын білсе ғой!”[5]. 

Осы аттағы “Кәпір болма...”, “Сүлеймен пайғамбар кәпір емес еді...”, “Шайтандар сиқыр үйретіп кәпір болды” деген сөздер сиқыр мен дуа үйреніп, оны өзгеге үйретудің күпірлік боларын ұғынамыз. Алла Тағала дұрыс жолдан айырмасын! 


[1] Хадистің жалғасы: “Аллаға серік қосу, сиқыр (дуа) жасау, Алла харам еткен жанды (адамды) нақақтан-нақақ өлтіру, өсім жеу, жетімнің малын жеу, соғыс алаңынан қашу, отбасылы әрі арлы, еш нәрседен хабары жоқ әйелге зина жаласын жабу”. Әбу Дәуід: “Сүнән”; Имам Бұхари: “Сахих Бұхари”; Имам Мүслім: “Сахих Мүслім”.
[2] Ибн Ғабидин: “Роддуль Мұхтәр”.
[3] Ибнуль Һумам: “Фәтхуль Қадир”.
[4] Шейх Али ас-Сабуни: “Тәфсиру аятиль ахкәм”. 1\86 бет.
[5] Құран Кәрім: “Бақара” сүресі, 102 аят.

 

Абдусамат Қасым