Қабаған итімді "усыпить" еткізсем, күнә болмай ма?
Қабаған итімді "усыпить" еткізсем, күнә болмай ма?
3 ай бұрын 1505

Ассалаумағаликум ұстаз! Үйде байлаулы тұрған ит бар. Ол ит тек әкемнен ғана қорқатын еді. Әкем қайтыс болып кетті. Ал ит маған бағынбай тұр. Шұнжырдан нешіліп кеткен үйде соны ұстап алып байлайын деп едім қолымнан яғни киім сыртынан тістеп алды. Жабық қараңғы қораға қамап қойдым, енді соны арнайы ит атқыштарға өлтіртсем маған күнә бола ма?Адамдарды тістеп ала ма деп уайымдап жүрмін, қауіпті болып тұр бағынбай маған.  Итатқыштар арнайы дәрімен атамыз мәңгілік ұйқыға кетеді дейді... Ернар.

Бисмилләһир рахманир рахим 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!  

Ислам шариғаты әр жандыға жақсы қарап, мейірімдік танытуды үйретеді. Адамдарға зиян келтіретіндер болмаса, зиянсыз жандыларға тимеуге шақырады. Оған мысал болар көптеген хадистер келтірілген. Сондай хадистің бірінде бір мысықты қамап, аш қатырғаны үшін тозақы болған әйел жайында айтылса1, басқа бір хадисте шөлдеп өлуге шақ қалған итті құдықтан су алып беріп аман алып қалған ер адамның пейішке кіргізілгені әңгімеленген2.

Десе де, адам өміріне қауіп төндіретін немесе зиян тигізетін жандыларды өлтіруге рұқсат берілгені де жасырын емес. Соның бірі «қабаған ит». Алла елшісі (с.а.у.) өзінің бір сөзінде: «Бес жандыны өлтірудің күнәсі жоқ. Олар: қарға, кезқұйрық, тышқан, сарышаян (скорпион) және қабаған ит»3 - деген еді. Осы хадистегі «қабаған» деп аударып отырған сөзіміз түпнұсқада «ъақур» (الكَلْبُ العَقُورُ )деп келген, бұның тілдік мағынасы «жарақаттаушы» дегенге саяды, сонда тістеп жарақаттайтын қабаған ит дегенді білдірмек. Алайда, жан-жануарды өлтіретін кісіге «ең көркем өлтіру әдісін» қолдануға шақырады дініміз. Ең көркем дегені, барынша жанын қинамай өлтіру дегендік.

Ендеше, сіздің жағдайда өзгеге зиянын тигізбесі үшін, итіңіздің жанын қиюға болады, бірақ ең көркем әдіспен өлтіру керек. Оның ең оңтайлысы - өзіңіз айтқандай ұйықтатып тастау арқылы («усыпить») өлтіру болса керек. 

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


1Сахих Бұхари.
2Ибн Хаббан, «Сахих».
3Сахих Бұхари.

Абдусамат Қасым