Түнде зиратқа баруға бола ма? Және қабірге қай күндері барған абзал?
Түнде зиратқа баруға бола ма? Және қабірге қай күндері барған абзал?
3 ай бұрын 9269

Ассаләмуғалейкум! Түнде зиратқа барып, құран оқып қайтса бола ма? Және де қай күндері барған абзал?

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ислам шариғатында түнде зиратқа баруға болады, оның күнәсі да, зияны да жоқ. Бастысы зират басы қауіпсіз болғаны жөн. Қауіпті болса немесе айдалада орналасқандықтан қорқып қаламын десе, күндіз барғаны абзал. Айша анамыздан (с.а.у.) жеткен сахих хадисте Алла елшісінің «Бәқиъ» мазарына түнде де баратындығы білдірілген. Хадисте былай делінеді:

كانَ رسولُ اللَّهِ صلَّى اللَّهُ عليْهِ وسلَّمَ كلَّما كانت ليلتُها من رسولِ اللَّهِ صلَّى اللَّهُ عليْهِ وسلَّمَ يَخرُجُ في آخرِ اللَّيلِ إلى البقيعِ فيقولُ السَّلامُ عليْكم دارَ قومٍ مؤمِنينَ وإنَّا وَإيَّاكم متواعِدونَ غدًا أو مواكِلونَ وإنَّا إن شاءَ اللَّهُ بِكم لاحقونَ اللَّهمَّ اغفِر لأَهلِ بقيعِ الغرقَدِ

«Алла елшісі Айшаның үйінде қонған түндері түннің ақырғы бөлімінде «Бақиъ» мазарына шығатын. Қабірге барғанда: «Сендерге есендік болсын, мүмін-мұсылман жұртшылығы! Біз бен сіз ертең Алланың алдында жолығамыз деп уәделескен едік (немесе бір-бірімізге өкіл боламыз деген едік). Біз де, иншаАлла, сендерге қосыламыз. Уа, Алла! «Ғарқад» мазарында жатқандарды кешіре гөр!»1.

Қабірге барған кісі қабірді баспауы тиіс, сондай-ақ, қабір ішінде айқалап, дауыс көтермегені жөн, әсіресе түнде. Және де, маңыздысы бос әңгіме-дүкен құрып отырмастан, Алланы зікір етіп, Құран оқып отырғаны дұрыс.

Ал мазарға қай күндері барған абзал? - дегенге қатысты, ғалымдарымыз қабірге аптаның төрт күнінде барған абзалырақ деген. Олар:

  • Дүйсенбі,
  • Бейсенбі,
  • Жұма
  • Сенбі.

Аталмыш күндері қабірдегілер келушілерді сезеді деседі ғалымдар. Аталған төрт күннің ішінде Жұма күні барған - ең абзалы2. Аталмыш күннен өзге күндері де зират басына бара беруге болады, әбестігі жоқ. 

Қабірге жұма күні барған абзалырақ дегенге қатысты деректерде мынадай риуаят келтірілген:

من زار قبرَ أبوَيه أو أحدِهما في كلِّ جمعةٍ غُفِرَ له وكُتِبَ بَرًّا .

«Кім әр жұма сайын ата-анасының қабірін немесе екеуінің біреуінің қабірін зияраттап барса, оның күнәсі кешіріліп, ізгі адам ретінде жазылады». (Әлсіз хадис)3

Абдусамат Қасым


1)Имам Нәсәи: «әс-Сунәнуль Кубро».
2) قَالَ فِي شَرْحِ لُبَابِ الْمَنَاسِكِ إلَّا أَنَّ الْأَفْضَلَ يَوْمُ الْجُمُعَةِ وَالسَّبْتِ وَالِاثْنَيْنِ وَالْخَمِيسِ، فَقَدْ قَالَ مُحَمَّدُ بْنُوَاسِعٍ: الْمَوْتَىيَعْلَمُونَ بِزُوَّارِهِمْ يَوْمَ الْجُمُعَةِ وَيَوْمًا قَبْلَهُ وَيَوْمًا بَعْدَهُ، فَتَحَصَّلَ أَنَّ يَوْمَ الْجُمُعَةِ أَفْضَلُ.  (Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр», бәбуль Жәнәза.).
3)Табарани: «әл-Муъжәмуль Әусат». 6114; әд-Дәйләми: «әл-Фирдаус».