Бірыңғай сары және қызыл түсті киімдерді кию әйел кісілерге де мәкруһ пе?
Бірыңғай сары және қызыл түсті киімдерді кию әйел кісілерге де мәкруһ пе?
2 жыл бұрын 4153

Ассаляму алейкум ұстаз! Сары және қызыл түсті тұтас киімді кию мәкрух болуы ер адамға ғана қатысты ма? Сонда әйел кісілерге сары түсті хиджаб киюге бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ер кісілердің бірыңғай сары түсті киім киюлерін мәкруһ санаған Ханафи ғалымдары, қызыл түске келгенде екі ұдай пікір баян еткендігін айта кетелік. Дегенмен, көпшілігі бірыңғай қою қызыл түсті киім киюдің ер адамдарға "мәкруһ" екендігін айтады (бұл жердегі мәкруһті де кей ғалымдар «тәнзиһән», яғни, «жеңіл» десе, кей ғалымдарымыз «тәхримән», харамға жақын мәкруһ деген)[1].  

Ал, әйел кісілердің сары, қызыл түсті киім киюлеріне қатысты Ханафи ғалымдары «рұқсат» деген тоқтам жасаған[2]. Өйткені, риуаяттарға қарағанда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайлары сары түсті де, қызыл түсті де киім кигендіктерін ұғынуға болады. Және де қою сары түсті киімін отқа жағып жіберген Абдулла ибн Амрге Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Неге әйелдеріңнің біріне кигізбедің? Ол (реңнің) әйелдерге ағаттығы жоқ» - деген де риуаяттар бар[3].

Сондай-ақ, Ибн Әби Шәйбәның хадистер жинағында орын алған риуаятта да тәбиғин Ибраһим ән-Нәхәъи: "Алқама, Әсуәд және ол үшеуінің Пайғамбардың жұбайларының үйлеріне барғандарында, олардың үстерінде қызыл түсті бүркеншік болғандығын" айтқан»[4].

Саъид ибн Жүбейр есімді атақты тәбиғин, Алла елшісінің (с.а.у.) кей жұбайларының сары түсті бүркеншікпен Қағба тасты тауаф жасап жүргендерін көргендігін жеткізген[5].

Тоқ етерін айтқанда, әйел кісілердің сары, қызыл т.б. сол сияқты ашық түстегі киімдерді киюлері мәкруһ емес, керісінше рұқсат амал.


[1] Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр», 9/516 бет;
[2] әт-Тәһәнәуи: «Иълә әс-Сүннә», 17/352-356 бет.
[3] әт-Тәһәнәуи: «Иълә әс-Сүннә», 17/352 бет.
[4] Ибн Әби Шәйбә: «әл-Мусаннаф».
[5] Ибн Әби Шәйбә: «әл-Мусаннаф».

Абдусамат Қасым