"Құранды басып нанды ал" деген сөзді қалай түсінсек болады?
"Құранды басып нанды ал" деген сөзді қалай түсінсек болады?
5 жыл бұрын 18438

Ассаламуғалейкум! Сұрайын дегенім: қазақта «құранды басып нанды ал» деген сөз бар ғой. Соны қалай түсінуге болады? Сіздің ойыңыз. Рахмет. Дәурен.

Уағалейкум әссәләм уә рахматулллаһи уә бәракәтуһ!

«Құранды басып нанды ал» деген сөз адам өмірінің қаншалықты құнды екендігін көрсету үшін салыстырмалы түрде айтылған дүние. Аштықтан үзілуге шақ қалған жан жоғарыда тұрған бір үзім нанды көрсе соны алып, өмірін құтқарып қалуы тиіс. Әлгі теңеу сол мақсатта айтылған. Одан бөлек, «Құранды баса берсін» немесе «нан Құраннан үлкен» дегендік емес. Нан – қадірлі. Құран – қасиетті және киелі.  Бірі тән азығы, екіншісі – жан азығы. Шындап келгенде ешбір қазақ нанды Құраннан жоғары санамайды. Өйткені, Құран - ырзық-несібе беруші Жасағанның сөзі. Ол әмәнда барлық нәрседен биік тұрары сөзсіз.

Шариғат заңдары мына бес нәрсені қорғауды көздейді. Олар: дін қауіпсіздігі, жан қауіпсіздігі, мал-мүлік қауіпсіздігі, нәсіл (ұрпақ) қауіпсіздігі және ақыл қауіпсіздігі (кей ғалымдар осы бесеуге ар-намысты қосқан). Бұл бес құндылық Ислам ғалымдарының тілінде «Даруратуль Хамса», яғни, «бес зәрулік» деген атаумен белгілі[1]. Осыған сай, адамның өз жанын да, өзгенің жанын да қиюына қақы жоқ (отан қорғау немесе мал-жанын қорғау яки отбасын қорғау жолында шейіт болу басқа). Жоғарыдағы сөз осындай негіздерден шабыттана айтылған дүние деген ойдамын.

Ал, енді олай айта беруге бола ма? – десеңіз, өз басым ол теңеуді тілге тиек қылмас едім. Себебі, халық арасында тура мағынасында ұғынып, «нан Құраннан үлкен» деген ой қалыптасуы мүмкін деген қауіп жоқ емес.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Имам Шатыби: әл-Муафақат. 

Абдусамат Қасым