Ассаламалейкум! Қазір құлпытастарға QR кодын қойып жатыр. Бұған шариғат не дейді?
Құлпытастарға QR-кодын қоюға бола ма? Бұған шариғат не дейді?
|
Бисмилләһир рахманир рахим
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Исламның қабір және мазарат түсінігінде қабір қарапайым болмағы ләзім. Сол себепті, мархұмның басына үлкен қорған соғып, қымбат құлпытастар қойылуы орынсыз саналған. Бірақ мархұмның қабіріне белгі ретінде қарапайым көктас қойылып, оған аты-жөнін жазып қойса болады. Оның өзі (аты-жөнін жазудың өзі) қажеттіліктен туындаған амал саналады. Болмаса, қабірге мархұмның аты-жөнінің өзін жазуды көпшілік ғұламалар құп көрмеген1.
Сондықтан да, QR-код дейтін инновациялық әдісін қабірге қолдану артық болады деген ойдамыз. Себебі, құлпытасқа мархұмның аты-жөнін жазудағы мақсат - кімнің қабірі екендігі білінсін деген қажеттіліктен туындаған амал. Ал шариғат қағидасы бойынша «Зәруліктер - мөлшерімен өлшенеді»2. Осы қағидаға сай айтқанда, мархұмның аты-жөнінің жазылуы - ондағы "кімнің қабірі екені білінсін" деген қажеттіліктің орнын толтырып тұрғандықтан, одан артығы - артық болмақ.
Оның үстіне, құлпытасқа QR-кодын орнату ертеңгі күні бақталастыққа ұласып, уақыт өте келе, қимыл-қозғалыс әсерінен іске қосылатын датчик арқылы мархұмның «голограммалық виртуалды бейнесі» пайда болатын тәсілге де көшетіндігі анық. Бұлардың бәрі «зинет» болып есептелетіндіктен, қабірді мұндай дүниелермен жабдықтау мәкруһ саналады.
Және де қабірге не үшін барады? Қабірге мархұмға Құран бағыштау үшін және осы дүниенің алдамшы қам-қарекетін бір пәс ұмытып, о дүниені еске түсіру үшін барады. Қабірге барудың, Исламдағы негізгі мәні - осы. Сондықтан да, қабірді әлгіндей технологиялармен жабдықтап, қабірстанды бейнебір «инновациялық құрылғылар паркіне» айналдырсақ, қабір зияратының мәні де, мақсаты да жоғалады.
Мұндай ерекшелікті ұлы тұлғалардың кесенесіне қолданса жарасар. Мысалы, Қожа Ахмед Яссауи, Арыстанбаб т.б. Өйткені, ондай кесенелер әулие жатқан қабір ғана емес, тарихи жәдігер де болып есептеледі. Тарихи орындарға тарихи мәліметтер қамтылған QR-кодын орнатудың артықшылығы жоқ. Ал жаппай зираттарға QR-кодын орнату ұнамсыз тірлік.
Тоқ етерін айтқанда, құлпытастарға мархұмның қысқаша аты-жөнін жазумен ғана шектелген дұрыс, ал, одан бөлек оған QR-кодын қою артық болмақ, тіпті "мәкруһ" дер едім. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
1 Уаһбату әз-Зухайли: «әл-Фиқһуль Исләми» уә әдилләтуһу». Дәфнуль мәйит. 2/553 бет.
2الضرورات تَقَدَّر بقَدْرِها