Борат деген қазақты мазақ қылып жатқан бүлікшіге қарғыс дұғасын айтсақ бола ма? Айбын.
Қазақты мазақ қылған Боратқа қарғыс дұғасын айтуға бола ма?
|
Құрметті сауал жолдаушы, біз – біреуге қарғыс айтатын емес, тауфиқ пен һидаят тілейтін Пайғамбардың үмбетіміз[1].
Пайғамбарымыздың өмір баянына қарасақ, Оның (с.а.у.) өзіне жамандық жасағандарға һидаят тілегенін көруге болады. Мысалы, Таиф сапарындағы оқиғаны алалық.
Исламның алғашқы жылдарында Алла елшісі (с.а.у.) Таиф қаласына барып, жергілікті халықты мұсылман дініне шақырғанда, қаланың атқа мінерлері онысын жақтырмай, жергілікті жұртты Оған қарсы айдақтайды. Жиналған жұрт екі жаққа тұрып алып Пайғамбарымызға (с.а.у.) тас жаудырады. Пайғамбар тастың ауыр соққысынан отырып қалса да, иығынан көтеріп тұрғызып, қайта тас жаудырды. Тиген тастардан Пайғамбарымыздың (с.а.у.) аяғы қанап, басы жарылып, түрлі дене жарақаттарын алады.
Кейін, ол жерден әупірімдеп шығып, көңілі қайғы-мұңға толған күйі Мекке мен Таифтың ортасындағы «Сәъәлиб» төбешігіне барып отырғанда, көктен Жебірейіл періште дауыстап:
- Алла Тағала қауымыңның саған айтқан сөздерін және саған берген жауаптарын естіді. Ол саған тау періштесін жіберіп отыр. Таиф халқы үшін не істегің келеді, сол періштеге әмір ет!» - дейді.
Тау періштесі Пайғамбарымызға (с.а.у.) сәлем беріп:
- Уа, Мұхаммед! Жебірейіл періште айтқандай (әмір ет). Қаласаң, мен мына екі тауды олардың төбелеріне төңкерейін? – дейді.
Сонда «Рахмәтән лиль-Аләмин»[2] ретінде жіберілген Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) тау періштесіне:
- Жоқ. Менің тілеуім – Алла Тағала олардың нәсілінен жалғыз Аллаға құлшылық жасайтын және Оған еш нәрсені серік қоспайтын ұрпақ шығарса екен деймін! – деп, өзіне азап шектірген қауымға қарғыс жаудырудың орнына, оларға һидаят тілеуді артық көрген[3].
Сондай-ақ, бір күні Пайғамбарымызға (с.а.у.) бір топ яһуди дініндегі адамдар келеді. Келген адамдар Пайғамбарымызға «Ассәләму ғалейкум» деп амандасудың орнына, әдейі «Сендерге өлім келсін» деген мағынаны білдіретін «Әссәму» (السَّامُ) сөзін қолданып: «Әссәму алейкум» деп амандасады. Пайғамбарымыз болса оларға: «Уағалейкум!» - деп қысқа қайырады. Сол сәтте Айша анамыз олардың мұндай қорлығына шыдай алмай:
«Әссәм (өлім) сендерге болсын және Алланың лағынеті мен қаһары болсын!» - деп айтып салады.
Мұны естіп тұрған Алла елшісі жары Айшаға (р.а.):
- Айша, сабыр ет! Кешірімділікті ұстан. Қатыгез болма. Сөзге жауап айтқанда шектен шықпа! – деп басу айтады.
Айша анамыз болса:
- Олардың не айтып тұрғанын естімедіңіз бе? – деп ренішін білдіреді.
Сонда Алла елшісі (с.а.у.):
- Менің оларға берген жауабымды естімедің бе? Мен олардың сөзіне тиісінше жауап бердім (яғни, "сендерге де болсын" дедім). Менің оларға айтқан тілегім қабыл болады, олардың бізге айтып тұрған тілегі емес» - деген екен[4].
Кәпір адамға қарғыс айтуға бола ма?
Ал, енді, әлдебір кәпірге қарғыс айтудың шариғи үкімі қандай?
Деректерге қарағанда, Ислам ғұламаларының көпшілігі тірі әлдебір кәпір адамға лағынет айтып, қарғыс жаудырудың дұрыс емес екендігін білдірген. Өйткені, оның тәубеге келіп, мұсылман болып өлетіндігінде үміт бар. Бұған қатысты Ислам әдебиеттерінде мынадай үкім айтылады:
«Белгілі бір кәпір адамға лағынет айтуға келсек: Егер, ол тірі болса, Ханафи, Шәфиғи және Хәнбали мәзхабтарында, оған лағынет айтуға болмайды. Өйткені, оның қандай күйде жан тапсыратыны белгісіз (мүмкін мұсылман боп өлетін шығар)...»[5].
Ендеше, шариғатта кәпір де болса, әлдекімге қарғыс жаудыру құп көрілмеген.
Қорытынды:
Қорыта айтқанда, Борат есімді лақап атымен әйгілі Барон Коэн деген адамның қазақ ұлтын мазақ қылып, келекеге айналдыруы кімді болса да алаңдатпай қоймасы анық. Бірақ, қазақ «жындымен жынды болма» деген. Мың асқанға бір тосқан. Сондықтан да, оның жер-жебіріне жетіп комментариялар жазудың және түрлі қарғыс сөздер айтудың, меніңше, қажеті жоқ. Дініміз біздерге ақылсыз надандардың деңгейіне түспей, ондайлардан биік болуды үйретеді. Құранда былай делінген:
وَعِبَادُ الرَّحْمَٰنِ الَّذِينَ يَمْشُونَ عَلَى الْأَرْضِ هَوْنًا وَإِذَا خَاطَبَهُمُ الْجَاهِلُونَ قَالُوا سَلَامًا
«Рахманның құлдары жер бетінде байсалдылықпен (тәкәппарланбай) жүреді. Қашан оларға (ақылсыз) надандар тіл тигізсе, олар: «Аман бол», - дейді»[6].
[1] Тауфиқ – Алланың туралыққа бастауы. Һадаят – тура жол. Пайғамбарымыз бір сөзінде: «Аллаға иман еткен кісі міншіл емес, қарғап-сілеуші емес, жаман жүрісті емес, былапыт, балағат сөзді(بَذِىءٌ) емес», - деген. (Тирмизи: «Сүнән»).
[2] Рахмәтән лиль-Аләмин – «Әлемге рахымдылық шуағы ретінде жіберілген». (Құран аяты).
[3] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - №3231 хадис. Айша анамыздан риуаят етілген.
[4] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - №6401 хадис.
[5] «әл-Мәусуъатуль Фиқһия».
[6] Құран Кәрім: «Фұрқан» сұресі, 63 аят.