Қазаққа дін керек пе?
Қазаққа дін керек пе?
1 жыл бұрын 2382

Қазіргі заманда мұсылман діні қазаққа керек пе? Дін қазақтың темірқазығы ма?

Әлхамдулиллә, уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ!

Құрметті сауал жолдаушы! Дін - әр ұлтқа керек. Әлеуметтанушы ғалымдардың бір ауыздан айтуы бойынша дінсіз - қоғам болмайды. Сол секілді қазақ халқы үшін де дін - зәрулік. Дін қажет болмаса, сонша қиындықты бастан өткерген қазақ халқы мұсылман дінін осыншама ғасыр сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізер ме еді? Бүгінде «мұсылман діні арабтікі, қазақ тәңіршіл болған» деп елді мұсылман дінінен бездіргісі келетіндердікі саясат. Мұндай саясат ақ патшаның кезінде де жүргізілген. Бірақ Кенесары хан сынды дінін, ұлтын сүйетін қазақ батырлары ұлт-азаттық күресін жүргізіп, халықты жерінен және дінінен, әрі салт-санасынан бездіргісі келгендерге қасқая қарсы тұрды. 

Қазаққа дін не үшін керек?

Жоғарыда айтып өттік: дінсіз - қоғам болмайды. Қазақ халқы мұсылман дінін ұстанбаса, бәрібір уақыт өте келе басқа дінді ұстануы мүмкін. Өйткені, дінсіз қоғам болмайды. Әркімнің бұзылған діндерін ұстанып адасқаннан гөрі, өзіміздің төл дінімізді неге ұстанбаймыз? «Басқа қонған бақты теппе!» деген. Қолымызда сондай керемет, баға жетпес дүние бар болып тұрып, неге басқа нәрсе іздеуіміз керек?

Оның үстіне қазақи салт-сана мен тәлім-тәрбиені және адамгершілікті сақтап қалуда бірден-бір көмекші фактор, ол - мұсылман діні. Мұсылманшылығымызды ұмытсақ, қазақшылығымызды ұмытамыз. Дін дегенде біз тек құдай тамақтарда құран оқыту, жеті шелпек тарату, жаназа, айт деп қана түсінеміз. Негізінде Ислам діні - алпауыт күш. Үлкен мәдениет. Мұсылман дініне берік елді - жау алмайды. Бұған тарих куә. Тарихқа қарасақ, мұсылманшылығымызға берік замандарда еліміз көркейіп, ғылым дамып, өркениеттің ошағына айналған екенбіз. Жерімізден қаншама әлем мойындаған ғұламалар шықты. Қашан дініміз әлсірей бастаған шақта, алдымен бірлігіміз кетті, бірлік кеткеннен кейін жауымыз да көбейді.

Сондықтан да, әуелі, бір ұлттың «ұлт» болып сақталуына екі маңызды фактор ләзім: 1) Тіл. 2) Діл (дәстүр). Қазақтың ділін және салт-санасын Ислам дінінің құндылықтарынсыз елестету мүмкін емес. Өйткені ислам – қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен салт-санасының мызғымас бөлігі. Сол себепті де әркезде де мұсылманшылық қазақтың рухани дамуының негізігі ұйытқысы боп келген1. Сондай-ақ, дініміз - біздің дәстүріміз. Дәстүрдің ішіне дін кіреді. Әрине, «дін» ұғымы «дәстүр» ұғымынан ауқымды, әйтсе де, дәстүрді - ата-бабадан бізге мұра боп қалған әлеуметтік-мәдени құндылықтар жиынтығы, рухани мирас деп есептесек, мұсылман дінін де бір пәс дәстүр ұғымының шеңберінде қарауға болады.

Екіншіден, бір ұлттың өркениетті ел болып өмірлікке жалғасын табуы үшін тағы да екі маңызды фактор ләзім екен, ол: 1) Тәрбиелі ұрпақ. 2) Білімді ұрпақ. Мұсылман дінінен артық тәрбиелейтін мектеп жоқ. Дініміз - арсыздықтан және адасудан қорғайды. Білім - надандықтан және қараңғылықтан қорғайды. Дін мен білім қос қанатты құс іспетті. Иманды әрі білімді ұрпағы бар елдің болашағы жарқын. Өйткені, иман - адамды білімге құштар қылады, білім - адамды дамуға жетелейді. Мәселен, қазақтың алғашқы ағартушылардың бәрі ескіше оқыған медресе түлектері болған. Ендеше, білімді, тәрбиелі ұрпақ өсіп жетілуі үшін де мұсылман сенімінің орны ерекше.

Дін қазақтың темірқазығы ма, деп сұрадыңыз.

Ислам діні Жаратушы Тағаланың адам баласына ақ пен қараны айырулары үшін жіберілген хақ дін. Оны өзге діндермен салыстыруға болмайды. Ислам діні - адамның туындысы емес. Ол - Құдай Тағаланың жолдауы. Сондықтан да, Ислам діні тек қазақ ұлтының ғана емес, бүкіл адамзаттың темірқазығы. Мысалы, сіз дін арқылы ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін оңай ажырата аласыз. Осы жөнінен де алып қарағанда мұсылман дінінен артық нәрсе жоқ. Мысалы, бүгінде, өкінішке орай зинаның (ойнастың) дұрыс, не, бұрыс екендігін қазіргі жастардың көбі айыра алмайды. Көп жастар ондай арсыздықты норма санап кеткен. Ал, дініміз оны үлкен күнә, харам іс дейді. Діни тәрбие алған ұрпақ зина ісінің дұрыс емес нәрсе екендігін білген болып, ондай арсыздықтан бойын аулақ ұстайды. Ал дінді білмеген ұрпақ, зинаны қалыпты жағдай санап, оның арты кешегі қоқысқа тасталған шараналар болады. Құдай сақтасын.

Немесе қазіргі таңда біраз батыс елдері гомосексуалдылықты заңды түрде мойындап жатыр. Олар оның қалыпты жағдай екендігін халқының санасына күнде құйып, сендіріп бағуда. Бүгінде ЛГБТ арсыздық емес, өз алдына идеологияға айналды. Неге? Себебі ол елдердегі жастар ненің бұрыс, ненің дұрыс екендігін білмейді. Күнә-сауап түсінігінен жұрдай. Діни сенімі жоқ ұрпақтың барар жері осы. Ал біздің дініміз гомосексуалдылықты үлкен күнә санап, Алланың қаһарын шақырар тірлік екендігін ескертеді. Мұсылмандық тәрбие алған ұрпақ ешқашан ондай тірлікке бармасы анық.

Ендеше, қай жағынан алғанда да қазақтың өз алдына ұлт болып сақталып қалуында және болашақ ұрпағымыздың білімді, мәдениетті болып жетілуінде мұсылман дінінің алар орны үлкен. Сондықтан да, қолда бар алтынның қадірін біліп, төл дінімізге ие болсақ және мұсылманшылығымызға берік болсақ, Құранда айтылғандай: бізге көк пен жердің береке есіктері ашылады2.

Осы тұрғыда «Ислам - арабтың діні, қазақтікі емес» дейтіндер пайда болып жүр. Ислам діні арабтың діні емес, ол - ата-бабамыздың діні. Діннің араб жерінен шыққаны болмаса, ол бүкіл әлемге жолданған дін. Құдіреті күшті Құдай Тағала оны «бүкіл пендеме арналады» деп жолдаған болатын. Ислам діні бізге кеше келмеді. Ол мың жыл бойы қазақ халқымен бірге өмір кешіп келеді. Кезінде қазақ халқы мұсылман дінін ұстанған кезде арабтың діні деп емес, Жаратушының діні деп ұстанды. Сондықтан да, оны қазақтан бөліп-жарып қараудың өзі әбестік. Ендеше біз де ата-баба жолымен, елдігіміз үшін, болашағымыз үшін және ақыретіміз үшін төл дінімізден ажырамауымыз шарт екен!

Алла Тағала халқымызға хидаят беріп, жерімізге берекесін төксін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


«Ұлттық діл және діни құндылықтар».
«Бір елдің халқы иман етіп, күнә істерден бойды аулақ ұстаса, біз оларға аспан мен жердің берекеттерін (береке есіктерін) ашамыз. Бірақ олар (Құдайды, дінді) өтіріксінгендіктен, істеген істері себепті оларды қолға алдық». (Құран, «Ағраф» сүресі, 96 аят).

Абдусамат Қасым